Алматы облысында дүбірлі дода басталды

871

Талдықорғандағы «Жастар» спорт сарайында мемлекеттік қызметкерлер арасында облыстық X жазғы спартакиада басталды. Жарысқа облыстың түкпір-түкпірінен 29 команда, 1000-нан астам қызметкер қатысты.

Шара облыс әкімі Амандық БАТАЛОВТЫҢ алғысөзімен бастау алды.

– Бұл жарысты мемлекеттік қызметшілердің кәсіби мерекесіне орай жыл сайын өткізу дәстүрге айналған. Өйткені мемлекеттік басқарудың өзегі саналатын әр қызметкердің салауатты өмір салтын ұстануы қашанда маңызды. Мемлекеттік қызметті атқару  – қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенімнің белгісі. Осы жолда сіздер Елбасымыздың басшылығымен Тәуелсіздігімізді тұғырлы, елдігімізді ғұмырлы етуде аянбай еңбек етіп келесіздер. Бір мүдде, ортақ мақсат, жарқын болашақ жолындағы еңбектеріңіз жана берсін, спортта да жарқын жеңістер тілеймін, – дей келе жарысты ашық деп жариялады.

Келесі сөз кезегін алған Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Серікбай Нұрғисаев жарысқа қатысушыларды құттықтады.

Екі күнге созылатын дүбірлі дода шағын футбол, волейбол, баскетбол, үстел теннисі, бильярд, тоғызқұмалақ, шахмат түрлері бойынша өтеді. Спорттың әр түрі «Жастар», «Динамо», «Өркен», «Жастар 2» спорт кешендерінде өтеді. Жарысты облыстық спорт және туризм басқармасы мен мемлекеттік қызмет істері департаментінің ұйымдастырып отырғанын да айта кеткеніміз жөн.

Топтық кезеңнің алғашқы ойындары басталып та кетті. Жарысқа жиналған командалар  алғашқы кезеңнен-ақ барын салып, өнер көрсетіп, сайысқа тыңғылықты дайындықпен келгенін дәлелдеді.  Мемлекеттік қызметкерлердің басым көпшілігі жастар. Бұл – ел тізгінін ұстайтын жастардың көбейіп келе жатқандығының белгісі. Осындай өскелең ұрпақтың спортқа деген қызығушылығының арта түскендігі бізді қатты қуантты. Алда тартысты кездесулер күтіп тұр. Спортшыларға тек сәттілік тілейміз!

Бөлісу:
Алдыңғы мақалаАлматы облысының оқушылары ЭКСПО көрмесін қызықтайды
Келесі мақаладаЖетісу тарландары топ жарды