Жетісу тарландары топ жарды

1035

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынында І орынды иеленген «Жетісу тарландары» командасын талдықорғандықтар «Жастар» саябағында салтанатты түрде  қарсы алды.

Аталған жастар жиыны Қарағанды облысындағы «Спасск» оқу-жаттығу орталығында өткені көпшілікке белгілі. Әскери қызметті насихаттау, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің беделін арттыру, әртүрлі елдердің жас әскерлерінің бірлестіктері арасындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында ұйымдастырылған шараның жастарға берері мол.

«Айбын» жастар жиыны халықаралық дәрежеде өтті. Жиынға республикалық «Жас ұлан» әскери мектептерінің, өңірлердегі әскери-патриоттық клуб мүшелері мен  Ресей Федерациясының Оренбург Президент кадет училищесінің тәрбиеленушілері мен Түркия, Белоруссия елдерінің әскери жасақтары қатысып, бақ сынады.

Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары әділет подполковнигі Қуандық Әділбеков жарыстың мәні мен маңызы жайында кеңінен сөз қозғады.

– Биылғы «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны өте жоғары деңгейде өтті. Халықаралық жарыс болғандықтан оған қойылған талап пен тәртіп темірдей болды десем артық айтқандық емес. Ұйымдастырылған жарыс қиын әрі қызықты өтті. Физикалық күшті, рухы  биік, білікті жастардан құралған біздің команда халықаралық деңгейде өздерін жоғары дәрежеде көрсете білді. Оқушылардың төккен маңдай тері ақталды. Нәтижесінде облыс намысын қолдан жібермей, жүлделі орынға ие болдық. Бұл барша жетісулық үшін үлкен мақтаныш, – деді Қуандық Төребекұлы.

Естеріңізге сала кетейік, жеңіске жеткен жеткіншектер Талдықорған қаласындағы №1, №2, №7, №14, №15 және Білім инновациялық лицейінің оқушылары. Олар өздеріне берілген барлық сыннан сүрінбей өтіп, 16 өңірден шыққан әскери-патриоттық клуб арасынан жүлделі І орынды иеленді. Команданың әр мүшесі арнайы дипломмен, медальмен және бағалы сыйлықпен марапатталды.

Бөлісу:
Алдыңғы мақалаАлматы облысында дүбірлі дода басталды
Келесі мақаладаНандор Картесзи — Қазақтың бір ұлттық қасиетіне қатты риза болдым