Динара Сәдуақасова: Есепсіз форумдардың да жастарға пайдасы бар

2186

ҚР Президенті жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңестің мүшесі, «Жас Ұлан» ұйымының төрайымы Динара Сәдуақасова:

            Есепсіз форумдардың да жастарға пайдасы бар

– Жастар жылы аясында «Жол картасы» жобасын әзірледіңіздер. Мақсаты қандай? Қалай жүзеге асырылып жатыр?

– Біз бұл жобаның дайындалуы барысында ұсыныстарымызды тапсырдық. Алайда, министрлік әзірледі. «Жол картасы» бағдарламасы тек іс-шаралардан тұрмайды. Мақсаты – жастарға әлеуметтік көмек көрсету. Мысалы, жас ғалымдарға 3 млн теңгеге жуық грант берілетін тармақтары да бар. «Жас кәсіпкер», «Жас маман» деген бағдарламалар аясында 500 мың теңгеден 10 мың грант беріледі. Әрине, бұл үлкен мүмкіндік және көмек деп ойлаймын. Ол ақшаға кішігірім бизнес ашуға да болады. Сонымен қатар, әзірге Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент аймақтарының жастарына 3 жыл қатарынан 1000 пәтер кілтін табыстау жоспары да жобада қамтылған.

– Жылдың жартысына да аяқ бастық. Жастар жылы орындалуы тиіс жобалардың қаншасы жүзеге асырылды және қаншалықты нәтижесін беруде?

-Бағдарламаларды әзірлеу оңай емес. Әсіресе ол республикалық, жалпыұлттық жобалар болса. Алдымен заңнамасын, құжаттарын дайындап, бюджеттен өткізесін. Сол аралықта ұзақ уақытты да талап етеді. Иә, бес ай өтті. Осы уақыт аралығында жұмысы басталған және енді орындалатындары да бар. Сайлаудан кейін барлығы өз нәтижесін көрсетеді және жүзеге асырылады.

– Сонда жобалардың басым көпшілігі қазір тоқтап тұр ғой?

– «Жас кәсіпкер», «Жас маман» жобалары жұмысын бастады. Кез келген болашақ кәсіпкер бұл байқауға өз ұсыныстарын әзірлей алады. Оның қандай нәтиже көрсететінін қазір нақты айта алмаймын.

– Жасыратыны жоқ, есепсіз дөңгелек үстелдер, форумдар, конференциялар жастар үшін жаңалық емес. Жалпы, осы сарындағы жиындарды басқа форматтағы шаралармен неге толықтырмасқа?

– Егер байқасаңыз, бүгінде форумдарымыз ерекше нұсқада өте бастады. Мысалы, «Жас Отан» ЖҚ форумынан бастап, жастар жылының ашылу салтанатын айтуға болады. Жиындарды өткізу барысында шығынның кететіні де айқын. Мүмкін, нәтиже сол уақытта байқалмайтын шығар. Бірақ, форум аясында жастар бір-бірімен танысады, араласады, жаңа ақпараттар алады, жаңа спикерлерді тыңдайды. Нәтижесінде жаңа ой туындауы мүмкін. Сол арқылы бірлескен жобалар шығады.

– Жастар жылы аясында жүзеге асырылуы тиіс жобалардың не бағдарламалардың ең маңызды әрі қызықтысы деп қайсысын айтар едіңіз?

– Маған биыл өз бастамасын алатын «Жастар керуені» деген жоба ұнайды. Ол өте ерекше жоба. Дарынды, талатты, белсенді 1000 жас Қазақстанның тарихи өлкелерін аралайды.  Біріншіден, біздің тарихымыз бен дәстүрімізді дәріптейді. Екіншіден, ішкі туризмді дамытса, үшіншіден жастар үшін мотивация. Бір уақытта 1000 адамды экскурсияға шығару оңай емес.

– Оған қандай жастар қамтылады?

– «Жастар керуені» жобасын Қазақстан жастар конгресі жүзеге асырады. Бірақ, қандай жастар қамтылып, олардың қалай іріктелетіні әлі белгісіз. Осы айдың соңында талаптары әзірленіп, жарияланады деп үміттенемін.

– Қазақстанда 529 жастар ұйымдары бар екен. Көпшілікке санаулысы ғана таныс. Қалған ұйымдардың жасап жатқан жұмысы түгілі, атауларын да білмейміз. Ол рас. Неліктен?

– Бізде өңірлік деңгейде де, аудандарда да жастар ұйымдары бар. Олардың саны көп болғаны өте жасы. Өйткені, бүкіл жастарды барлық ұйымдар қамти алмайды. 5-10 қатысушыдан тұратын ұйымдар болса да мақсаттық тобына пайда әкелсе соның өзі нәтиже. Сондай-ақ, тек әлеуметтік тапсырыстарды, гранттарды жүзеге асыруға бағытталған ұйымдар да бар. Ол да бір үлкен мәселе. Аталған топтардың жұмыстарын дұрыс бағытқа итермелеу мақсатында арнайы жиындар өткіземіз.  Бірақ, қазіргі заңға сәйкес үкіметтік емес ұйым қатыса алғандықтан, көп жұмыстарына шектеу қоя алмаймыз.

– Жұмысын тоқтатқан жастар ұйымдары да жетерлік?

– Иә, бар. Мысалы, бұрын ауыл жастарының басын біріктіретін кеңес болды. Оларды қамтыған жалғыз ұйым қазір жұмыс жасамайды. Осы сарындағы жобаларды қолдап, бағыттарын жаңарту керек деп ойлаймын.

– «Жас ұлан» жастар жылы аясында қандай жобаларды жүзеге асырып жатыр?

– Біздің  ұйым 2011  жылы Елбасының бастамасымен құрылған ең үлкен үкіметтік емес ұйым. Республика бойынша 1,5 млн астам тек оқушылар «Жас ұлан» ұйымына мүшелік етеді. Нұр-Сұлтан қаласындағы бөлімше оқушылар сарайында орналасқан және әр өңірде біздің өкілдіктеріміз бар. Балалар мен жасөспірімдер ұйымы жастар жылы аясында жаңа жобаларын жүзеге асыруда. Биылғы жаңа оқу жылында жаңа белгіміз бен мақсаттарымызды ұсынамыз. Себебі, 2013 жылы қабылданған тұжырымдамаға өзгертулер еңгізу қажет. Еріктілерді ағылшын тілін тегін меңгерту мақсатында «Open english» жобасы орындалуда. Оқушылар арасында табиғатқа қамқорлықпен қарауға  әзірленген жобамыз келер айдан бастап жүзеге асады деп жоспарлануда. Одан кейін, «Өркендеу» деген жобамыз Қазақстан бойынша бес мектепте әзірленіп жатыр. Мақсаты – оқушылардың бойында ұлттық құндылықтарды дәріптей отырып, патриоттық рухқа тәрбиелеу. Сонымен қатар, қаржысыз қызмет атқаратын еріктілердің қоғамға пайдаларын ескере отырып, арнайы бағдарламаларды әзірледік. Еріктілер құрамында жүріп, көп ұпай жинағаны «Жас Ұлан» ұйымының жаздық лагеріне жолдама ала алады. Одан бөлек, серіктестеріміздің қолдауымен спорт залдарға, асханаларға және оқу курстарына жеңілдік арқылы бара алады. Өткен айдан бастап Елордада оқушылардың көздерінің көру қабілетін тегін тексертуді бастадық. Әзірге 100 мыңға жуық баланы қамтыған бұл жоба алдағы уақытта басқа өңірлерде де орындалады деп күтілуде. Сонымен қатар, жыл сайын үздік 3 жасұландық тегін грантты жеңіп алады. Ол да балаларға жақсы мүмкіндік әрі қоғамдағы белсенділігі мемлекет және біздің тарапымыздан бағаланады деген сөз.

–   Жағдайы төмен оқушыларға көмектесу мақсатында қамқорлық көрсететін жобаларыңыз бар ма?

–   Иә, ұйымымызда әртүрлі балалар бар. Оларды шектемейміз. Көмектесеміз әрине, бірақ аса жарияламаймыз. Мысалы, қазір мектеп бітірушілер үшін қаржы көп шығады. Біз елордалық үздік 5 түлекті кеш көйлектерімен және бет-әлпеттерін әрлеу жұмыстарымен тегін қамтамасыз етуді  жоспарлаудамыз.

– Оқушылар тарапынан әртүрлі жобаларды ұйымдастыру жайында ұсыныстар жиі туындайды ма?

–  Әрине. Мысалы, мен «Жас Ұлан» ұйымының төрайымы ретінде оқушылар үшін кеңсемізден арнайы бір бөлмені бөліп қойдым.  Кез келген уақытта келіп, жиналып ұсыныстарын әзірлеуге қолайлы. Біз «Сендер бастап ұсыныңдар, біздер қолдаймыз» деген ұранмен жұмыс істейміз. Жылдың басынан бастап 10-ға жуық әртүрлі жобаларды қолдадық. Қаражатты көп талап ететін ұсыныстарды тоқтатып, күнделікті қолымыздан келетіндерін іске асырып жүрміз.

Сұқбатыңызға рақмет!

Сұқбаттасқан Айдана Әлиарыстан