Жайдарман тұңғыш рет халықаралық деңгейде өтеді

2158

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің мемлекеттік тапсырмасы негізінде Ш. Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы мен «Қазақстан КВН Одағы» республикалық жастар қоғамдық бірлестігі бірлесіп, Тіл фестивалі аясында халықаралық «Жайдарман» ойынын өткізеді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

 «Жайдарман» ойындары жастардың шығармашылық алаңы ғана емес, қоғамдағы түйткілді мәселелерді әзілмен астарлай жеткізетін өнер додасына айналған және қазақстандықтар сүйіп көретін телевизиялық жоба ретінде қалыптасты.

«Жайдарман» алаңының мектеп жасындағы жеткіншектермен қатар студенттерді, жұмысшы жастарды қоса алғанда 200 мыңға жуық таланттыларды топтастырғаны көңіл қуантады.

«Бүгінде Президентіміздің рухани жаңғыру жөніндегі тағдыршешті үндеуін жастармен ұштастыру мақсаты қолға алынып отыр. Осы үндеудегі – ұлттық сана, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы туралы бөлімдер – ең алдымен, қазақ жастарына бағытталған ұстаздық ақыл мен талап деп түсінеміз. Сонымен қатар жобаның EXPO-2017 күндері кезінде өткізілуі оң резонанс тудыратындығына сенімдіміз» – дейді «Қазақстан КВН Одағы» республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Есен Елеукен.

Жобаға Қазақстан, Ресей (татар, башқұрт), Қырғызстан елдерінен 10 команда қатысады деп күтілуде. Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылған қазақ тіліндегі жобаны «Қазақстан» ұлттық арнасы эфирінен көрсетіледі.

Тіл фестивалі аясында өтетін халықаралық «Жайдарман» ойыны Астана қаласындағы «Астана» концерт залында 2017 жылғы 25 тамыз күні кешкі сағат 18:30-да өтеді.