Табиғатқа қамқорлық – жастан

1109

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Әлқисса, мектепте «Экология» пәні факультатив ретінде жүргізілетін. Географиядан беретін ұстазымыз лекция оқып береді. Ол кезде «ағашты көп ексе, ауа таза болады. Ауа таза болса, адамның дені сау болады. Қоқыс тастап, қоршаған ортаға зиян келтірмеген жөн» деген сыңайлы әңгіме айтылатын. Одан бері қанша уақыт өтті. Экологиялық проблемалар көбеймесе, азайған жоқ. Табиғатты таза қалпында ұстау – адамзаттың парызы. Әсіресе, жастардың бұл іске жұдырықтай жұмыла кіріскені дұрыс. Ол үшін олардың экологиялық мәдениетін дамыту қажет. 

Экология мәселесі соңғы кездері жиі көтеріліп жүр. Әр өңірдегі олқылықтар анықталып, оның орнын толтырудың әдістері де талай жиналыста сөз болды. Еліміздің кәсіпорын орталықтарынан бөлек, үлкен мегаполистер – Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары экологиялық ластанған қалалардың тізіміне енгені де бұл тақырыпқа бей-жай қарауға болмайтынын білдіргендей. Осыны ескерген болса керек, биыл 17 шілдеде жаңа министрлік құрылды. Кезіндегі экология департаменті бүгінде өз алдына отау тігіп, еншісін алып, бөлек шықты. Бұл жаңалықты сарапшылар мен шенеуніктер қуана қабылдады. Айталық, Энергетика министрі Қанат Бозымбаев «Бұл өте дұрыс шешім болды. Бөлек мемлекеттік ведомствоның болғаны жөн. Яғни тәуелсіз орган жұмыс істеп, қоршаған орта мәселелерімен айналысатын болады» деген еді.

Негізі  экологияға қатысты проблемаларды президент Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлерге барған сапарында талай қозғап жүр. Естеріңізде болса, Елбасының бастамасымен Қызылордадағы Кіші Арал аман қалған еді. Әйтсе де, бөгеттің кез келген уақытта бұзылуы да мүмкін екенін естен шығармаған абзал. Бұған байланысты Мемлекет басшысы «Көкарал бөгетінің төменгі жағын Сырдарияның қуатты ағыны шайып жатыр. Оны қазір бекітпесек, Кіші Аралды сақтап қала алмауымыз мүмкін. Бөгет тұрғызылғаннан бері жиналған 27 миллиард шаршы метр суды қалай да сақтап қалу қажет. Үкімет пен әкімдікке осы мәселені жақсылап қолға алуды тапсырамын» деген болатын.

Сол секілді атыраулық тұрғындармен кездескен кезде де Каспий теңізінің мәселесі назардан тыс қалмады. Сонымен бірге хлордан уланған балықтар туралы да тілге тиек етті. Мұны да Қасым-Жомарт Кемелұлы бақылауына алатын болды. Байқасаңыз, әр өңірдің өзіне тән экологиялық мәселесі бастан асады. Бұл туралы билік те хабардар. Егер табиғатты сақтау шаралары туралы көбірек айтылып, мәселелерін бірінен соң бірі шешілсе, жастардың экологиялық мәдениеті де арта түседі. Сала министрлігі жұмысына кіріскеннен кейін араға бір ай салып, ауқымды шаралар да өткізіле бастады. Соның бірі – #Birge #TazaQazaqstan. Министр Мағзум Мырзағалиев өзі бастап, Қоянды су қоймасын тазартуға шақырған еді. Бір қуантатыны, жастардың қарасы көп болды. Еріктілердің дені де – солар.

Осы ретте «Тәжірибешіл экологтар» ассоциациясының төрайымы Лаура Мәлікованың Қазақстан жастарының экологиялық мәдениетіне қатысты пікірін білген едік. «Жалпы, «Қазақстан жастары» деп барлық жасқа біркелкі баға беру қиын. Экологиялық мәселер туралы қалың бұқараға айтып, осы мәселелердің шешімін табуға атсалысып жүрген жастар көп. Сонымен қатар, экологиялық мәселелерді шешуге қатысты жастар арасында өткізілетін сайыстар мен жарыстардың саны жылдан-жылға артып келеді. Өзім қоршаған ортаны қорғау саласында жұмыс істегендіктен болар, айналамдағы жастардың экологиялық мәдениеті жоғары, әрі экологиялық мәселелерді шешуде өте белсенді деп санаймын. Әрине, балалар, оқушылар өзінің айналасында не көрсе, соны қайталайды. Оқушыларда, жастарда экологияға бей-жай қарамайтын сана қалыптастыру үшін үлкендердің өзі, балалардың ата-аналары, ұстаздар қауымы үлгі көрсету керек. Қазір біздің қоғамда болып жатқан оқушылар арасындағы экологиялық сайыстарды жиі өткізіп, баларда жануарларға деген мейірімді оятатын іс-шаралар жүргізу керек. Телеарналарда экологиялық мәселелерге қатысты әлеуметтік жарнамалардың көбірек көрсетілгені жөн. Жалпы, осы мәселерге қатысты ағартушылық жұмыстармен үзіліссіз айналысу керек.

Ал мектепте арнайы пән ретінде қосуға қатысты айтарым, экология – биология, география, физика және химия ғылымдарының тоғысында пайда болған ғылым. Сол себепті мектепте жеке экология пәнін енгізу қажет деп санамаймын. Факультатив сабақ ретінде де оқушыларға экологиялық мәселелер, климаттың өзгеруі, күнделікті өмірде адамның экологияға тигізетін әсерін қалай азайтуға болатыны жайлы айтып, түсіндіруге, талқылауға салуға болады. Ақпарат заманында сол ақпараттың рас-өтірігін, оның қаншалықты пайдалы екенін бағалауға көмектесетін критикалық ойлауға қатысты сабақ өткізу де маңызды деп ойлаймын. Негізі алаңдайтын мәселе көп. Оның ішінде мұздықтардың еруі, жерлердің және экожүйелердің шөлейттенуі, жерасты суларының ластануы нәтижесінде ауыз-су қорларының азаюы және тапшылығы сынды мәселелер бар. Орталық Азия өңірінде әсіресе топырақтың шөлейттенуі және су, ауыз-су тапшылығы мәселері қатты алаңдатады. Осыларды шешуде жастар да өз үлесін қоса алады. Топырақтың шөлейттенуі, климаттың өзгеруін тежеу мақсатында жақында Нью-Йоркте өткен климаттық апта барысында Орталық Азия елдерінде жасыл желектер жамылғысының алқабын үлкейтуге бағытталған ECCA30 бағдарламасы іске қосылды. Осы бағдарламаны жүзеге асыруға жастар өздерінің орасан үлесін қоса алады » дейді сарапшы.

Айтқандай, жақында ғана Нұр-Сұлтан қаласындағы №74 мектеп-гимназияда бірінші экологиялық сағат өткен болатын. Мағзұм Мырзағалиевтің өзі өткізген сабақта оқушыларға бала жастан табиғатқа қамқор болудың маңызын, су мен жылуды үнемсіз пайдаланудың кесірінен туындайтын экологиялық зардап туралы, пластиктің зияны туралы, табиғатты саналы түрде пайдаланудың, энергияны пайдаланудың жақсылығы туралы айтылды. «Бүгін республикамыздың барлық мектебінде бір уақытта Қазақстанның министрлер кабинеті мүшелері, әкімдер қатысқан экологиялық сағат өткізілді. Ол бірінші кезекте, өскелең ұрпаққа тәрбие беру, олардың бойына экологиялық мәдениетті сіңіру мақсатын көздейді. Экологиялық сағат кезінде балаларға суды үнемдеудің қажеттілігі, үнемді пайдалану, табиғатты аялау, көкті жұлмау, қоқыстарды бөлектеп жинау туралы айтылады. Яғни, бүгінгі қозғалған тақырып аса терең» деді Мырзағалиев эко-сағат қорытындысында журналистерге.

Сабақ мектеп жанындағы учаскелерге ағаш егумен аяқталды. Министрдің, оқушылардың, мұғалімдер мен ата-аналардың жәрдемімен 100 ағаш отырғызылды. Сол күні Қазақстан бойынша барлығы 200 мыңнан астам ағаш көшеті отырғызылды. Әрі аталған акция әлі де жалғасады. Мұндай бастамалардың біз қозғап отырған тақырып – жастардың экологиялық сауатын ашып, мәдениетін арттыруға негіз болары анық.

Айша ЕРСҰЛТАН

 

Бөлісу:
Алдыңғы мақалаЖалын сыйлаған «Жас кәсіпкер»
Келесі мақаладаЖайдарман: Премьер лига ойындарының жартылай финалы өтті