Алматы облысының тарихы

1641

Алматы облысы — Қазақстан Республикасының оңтүстік-шығысындағы әкімшілік бөлік. Жерінің аумағы 224,0 мың км2. Облыс аумағында 16 аудан және 3 облыстық бағыныстағы қала (Қапшағай, Талдықорған, Текелі) бар. Тұрғыны 1631,7 мың адам (1998). Әкімшілік орталығы — Алматы қаласы (1,06 млн., 1998). Алматы облысы батысында Жамбыл, солтүстігінде Балқаш көлі арқылы Қарағанды, солтүстік-шығысында Шығыс Қазақстан облыстарымен, шығысында Қытай Халық Республикасымен, оңтүстігінде Қырғызстан Республикасымен шектеседі.

Алматы облысының жері ежелден Сақ, Үйсін, Қаңлы тайпаларының, Ұлы жүз қазақтарының атамекені болды. 19 ғ-дың ортасында Жетісуды патшалық Ресей жаулап алды. 1848 ж. 10 қаңтарда отаршылық-әкімшілік құрылым — Ұлы Орда приставтығы құрылды. Ол 1856 ж. Алатау округі аталды. 1867 ж. Түркістан генерал-губернаторлығы құрылғанда қазіргі Алматы облысының бірталай бөлігі Верный уезі атанып, Жетісу облысының құрамына кірді.

Сонымен қатар орталығы Верный (Алматы) бекінісі болып белгіленген жаңа облысқа Жаркент, Қапал, Сергиополь, Тоқмақ, Ыстықкөл уездері енді. 1882 — 97 жылдары Жетісу обл. Дала генерал-губернаторлығына қарады. 1897 ж. бастап ол Түркістан генерал-губернаторлығының, 1918 — 24 жылдары Түркістан АКСР-і құрамында болып келді. 1924 ж. Орта Азияда жүргізілген ұлттық-территориялық межелеу нәтижесінде Жетісу обл-ның қазақ аудандары Қазақ АКСР-іне енді. 1929 — 32 жылдары Алматы округі аталды.

1932 жылдың 10 наурызында Алматы облысы болып қайта құрылды. 1944 ж. 16 наурызда Алматы облысынан Талдықорған облысы бөлініп шықты. Талдықорған облысы 1959 — 67 жылдары Алматы облысы құрамында болып, 1967 ж. 23 желтоқсанда қайта бөлінді. 1997 ж. 22 сәуірде Талдықорған облысы таратылып, оның аудандары Алматы облысына қосылды.

Бөлісу:
Алдыңғы мақалаҚапшағай қаласының 100 гектар алма бағы алғашқы өнімін береді
Келесі мақаладаМен үшін Астанадағы ЭКСПО қалашығы — Қазақстанның бренді