Елорда жастары жандануда

480

…Жастары белсенді елдің ертеңі жарқын екені бесенеден белгілі. Ал, тәуелсіздіктің арайлы ақ таңынан бастап жастар мәселесі мемлекеттің басты назарында. Елімізде 2019 жыл Жастар жылы болып жарияланды. Мұндағы мақсат – жас буын өкілдеріне жан-жақты қолдау көрсетіп, қоғам өміріндегі белсенділігін арттыру. Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет аталып өтіліп жатқан Жастар жылында жас буынға қандай қолдау көрсетіледі? «Жол картасы» жастардың қазіргі өзекті мәселелерін шеше ала ма? Жастар жылында қандай іс-шаралар жүзеге асады?…

 

Бүгінде Қазақстанда 210-ға жуық жастар ресурстық орталығы жұмыс істейді. Олардың негізгі мақсаты жастар саясатын жүзеге асыру, жұмысқа орналастыру, кеңес беру, қайта мамандандыруға көмек көрсету болып табылады. Бүгінгі таңда жастар ресурстық орталықтарында іске асырылып жатқан бағдарламалардың арқасында жұмыссыз жастардың саны қысқарған. Алайда қазіргі уақытта жұмысқа орналасу мәселелері де жоқ емес. Дегенмен, жұмыссыз жастардың қысқарған динамикасы бар екенін ескерген жөн. Соңғы мәліметтер бойынша ол 3,8% — ды құрайды.

Еліміздің астанасы, бас қаласы Нұр-Сұлтанда да жастар ресурстық орталығы ашылған болатын. 2019 жылды Елбасы «Жастар жылы» деп жариялады. Қазіргі уақытта «Астана жастары – 2019» атты өңірлік Жол картасы жұмысын қарқынды жүргізуде. 11 өзекті бағытты қамтитын 90 жоба бар. Бұл — жастар инфрақұрылымын дамыту, білім беру, жұмыспен қамту, денсаулық сақтау, қолжетімді баспана, бизнесті дамыту және қаржылық сауаттылық, талантты жастарды қолдау және тағы да басқа маңызды салалар бойынша қарқынды жұмыс істеп келеді. Елордада алғашқылардың бірі болып «2019» қысқа нөмірімен call-center іске қосылған. Ол жастарға жұмысқа орналасу, кәсіпкерлікпен айналысу, тұрғын үй алу және білім беру мәселелелері бойынша жан-жақты құқықтық консультациялық кеңестер береді. Жастар инфрақұрылымын дамытуға бұл бастамалар айрықша басымдық беретінін де ескерген жөн. Өткен жылдың басында астанамызда 16 аула клубы болса, қазір оның саны 32-ге жеткен. Осы жылы аула клубтарының санын кем дегенде 50-ге дейін өсіру жоспарланып отыр.

 

Жыл басынан бері елорданың 200-ге жуық жас маманы жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған жұмыс жәрмеңкелерінің арқасында тұрақты жұмыс тапқан. Мәселен, Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен бос орындар жәрмеңкесіне 50-ге жуық жұмыс беруші атсалысып, 100-ден астам бос орын ұсынған. Оған еңбек нарығына араласқысы келетін 1 мыңнан астам студент жастар атсалысқан. «Бұл жәрмеңкеде жұмыс берушілер университет тәмамдаған жас мамандармен қатар білім алып жатқан студенттерге де жұмыс ұсынған болатын. Айлық мөлшері 70-80 мың теңгенің көлемінде.

Тиісті шараның басы-қасында жүрген ұйымдастырушылардың айтуынша, жұмыс берушілер тарапынан технолог, өндіріс саласының мамандарына сұраныс басым екен. Жастар орталығы жұмыс іздеген жастарды жұмыс берушілерге бағыттаумен айналысады. Тек биылғы жылдың басынан бері 400-ге тарта жас маманды жұмыс берушілерге бағыттап үлгерген. Мұның өзі үлкен жетістік десек те болады. Сонымен қатар орталық директоры жастарға арналған жұмыс жәрмеңкелері елордадағы басқа да ірі ЖОО мен колледждерде өткізілетінін айтып өтті. Желтоқсан айында жастарға арналған қалалық жұмыс жәрмеңкесін өткізу де алдағы уақытта көзделіп отыр.

Қорыта келсек, Әбу Насыр әл-Фарабиден бір әмірші өз елінің болашағы туралы сұрағанда: «Сен алдымен жастарыңды көрсет, сонда мемлекетіңнің болашағын барлау қиынға соқпайды», – деген екен. Қай кезеңде де елдің ертеңі, мемлекеттің тірегі – жастар. Тәуелсіздіктің тұғырлы, мемлекет мәртебесінің биік болуы да – болашаққа бет бұрған жалынды жастардың қолында. Сондықтан да, жас буынға қолдау көрсету тек бір жылмен ғана шектелмейді. Жылдан-жылға жалғаса береді…

 

 

Бөлісу:
Алдыңғы мақалаЖайдарман: «Түлектер кезедесуі» ойыны өтті
Келесі мақаладаЕлорда жастары Есен Елеукенмен кездесті