Ақсу қант зауыты қант қызылшасын қабылдай бастады

1127

10 жыл тоқтап тұрған Ақсу қант зауыты бүгін қант қызылшасының алғашқы легін қабылдады. Сарқан ауданының «Мажикс» СДО алқабынан дайындау пунктіне 80 тонна тәтті түбір жеткізілді.

Осы қуанышты оқиғамен зауыт ұжымы мен шаруаларды облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров құттықтады. Өз сөзінде С. Бескемпіров зауыттың қант қызылшасын алғаш қабылдау қызылшашылар үшін де, өңдеушілер үшін де, жергілікті халық үшін де ерекше оқиға екенін атап өтті. Он жыл бойы тұралап қалған Ақсу қант зауытының қалақұраушы кәсіпорын мәртебесін қайта жаңғыртатын күні де алыс емес. Ал зауыттың іске қосылуы жаңа жұмыс орындарының ашылуына және сапалы қант өндіру ісін ілгерілетуге ықпал етпек.

Еске салсақ, қазіргі кезде Ақсу қант зауытын қалпына келтіру жұмыстарының негізгі бөлігі аяқталды. Қызылша жинақтау алаңы ғана емес, барлық цехтары жұмысқа дайын, жаңа құрал-жабдықтар орнатылған, барлық технологиялық процестер автоматтандырылады. Әзірге мұнда 100 адам жұмысқа тартылған, дегенмен зауыт толық іске қосылғанда мұндағы мамандар саны 650-ге жеткізілмек. Өндірістік қуатына сай маусымына 300 мың тонна шикізат өңдей алады. Ал дайын өнімнің көлемі 32-35 мың тонна болады деп жоспарланып отыр. Ақсу қант зауытын шикізатпен негізінен Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарының қант қызылшасын өсірушілері қамтамасыз етпек. 

Бөлісу:
Алдыңғы мақала«Талдықорған қаласының құрметті азаматы» атағы берілді
Келесі мақаладаШығысқа сапар. Қатонқарағайға бет алу