Амандық Баталов бастаған делегация Шығыс Қазақстан облысына барды

1268

Кеше Алматы облысының әкімі Амандық Баталов бастаған делегация Шығыс Қазақстан облысына барды.  Жетісулық  делегацияның бірінші тоқтаған нысаны — Өскемен қаласындағы Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика орталығы. Бұл нысан 2014 жылы пайдалануға берілген. Орталықта әртүрлі қашықтыққа жүгіру алаңдары мен түрлі әдіспен секіруге арналған алаңдар бар. Бүгінгі күні мұнда 426 адам спортпен шұғылдануда. Оларға 19 жаттықтырушы қызмет етеді.

Осыдан кейін жетісулықтар ШҚО оңалту орталығына ат басын бұрды. Мұнда науқастарға кардиологиялық, неврологиялық, ортопедиялық оңалту қызметін көрсетеді. Сондай-ақ қонақтар Өскеменде бой көтеріп келе жатқан «Нұрлы жол» саябағына да барып, нысанның сәулет жобасымен танысты.

Алматы облысының Шығыс Қазақстан облысындағы күндері аясында Өскемендегі облыстық драма театрында Алматы облыстық Сүйінбай атындағы филармониясы, «Адырна» фольклорлық-этнографиялық ансамблі мен «Алтынай» мемлекеттік халықтық би ұжымдары «Жер жаннаты Жетісудан алтын Алтайға» атты мазмұнды концерттік бағдарламасын ұсынды. Жиналғандар  өнерпаздардың өнерін жоғары бағалады.

Айта кету керек, Алматы облысының ШҚО-ға сапарының басты мақсаты — маңызды өндірістік және спорттық нысандардың құрылымымен танысу, тәжірибе алмасу, сауда, бизнес және мәдениет салалары бойынша ынтымақтастық байланыстарды нығайту.

 

Бөлісу:
Алдыңғы мақалаКөңілге сезім ұялатқан «Көктем балы»
Келесі мақаладаАлматы облыстық үшжақты комиссияның кезекті отырысы өтті