Күзде қай елде демалған дұрыс?

3533

Жаздың жайма шуақ күндерінде демалып үлгермей қалсаңыз еш уайымдамаңыз! Біз сіздер үшін күзде саяхат жасауға ыңғайлы елдер тізімін жасадық.

Демалыс күнін Венада өткізіңіз

Қазан айында еліміздің көп аймақтарында күздің лебі сезіліп, балшық пен жаңбыр көңіл-күйімізді түсіріп бастаса, Венада бұл уақыт нағыз алтын күздің мезгілі. Мұражайлар мен сарайлардың қаласы, классикалық музыка мен нағыз шараптың ордасы Венаға қазан айында баруға кеңес береміз. Өкінбейсіз!

Италия

Ал егер сіз жазда суға түсіп үлгермесеңіз, қыркүйекте Италияның солтүстік  жағалауына баруыңызға болады. Ауа температурасы бұл уақытта 33-34 С°, ал су 24-25 С° жылы болады. Римини, Сардиния, Сан-Ремо, Венеция Ривьерасы қыркүйекте сізді құшақ жайып қарсы алады. Ал Венецияда бұл уақытта атақты кинофестиваль өтеді.

Қыркүйектің екінші жартысында барлық сәнқойларды Милан сән апталығында күтеді. Қазан айында Италияның солтүстігінде күн суитындықтан, елдің оңтүстігіне немесе Сицилияға барған дұрыс. Бұл жақта су 22-23 С°-ға дейін жылы болады.

Жаяу серуен мен экскурсияны жақсы көретіндер үшін күзде Римге баруға кеңес береміз. Ауа температурасы 21-22 С° жылы болады. Ал нағыз гурмандарға қарашаны күтіп, Италиядағы жас шарап мерекесіне бару ұсынылады. Оның үстіне бұл уақытта әртүрлі фермерлік жәрмеңкелерде атақты ірімшіктер мен жүздеген шұжық түрлерінен дәм тату мүмкіндігі бар.

Испания

Көптеген туристер үшін Испаниядағы күзгі демалыс жазғыдан қызығырақ. Ауа температурасы мен теңіздің температурасы бұл уақытта тепе-теңдікте болады. Күзде мұнда туристердің саны азаяды, соған орай бағалар да түседі.

Қарашада Барселонаға, Мадридке және Валенсияға экскурсиялық тур жасаған дұрыс. Өйткені бұл уақытта ауа температурасы сәл түсіп, жағажайдан гөрі мұражайлар мен ескерткіштерді аралауға тамаша мүмкіндік туады.

Үндістан

Күз айларының ішінде Үндістанға қазанда барған жақсы. Бұл уақытта жаңбыр маусымы бітіп, ауа температурасы тұрақты 23-25 С° болады. Қазан Үндістандағы демалыс маусымының ең басы болғандықтан жолдама құны қымбат бола қоймайды. Демалыс бағдарламасы бұл мезгілде әртүрлі болуы мүмкін. Жағажайдағы демалысты экскурсиямен, пілмен қыдырумен, спа-процедуралармен үйлестіруге болады. Тіпті бұл уақытта Үндістанда жүріп шаңғы тебе аласыз.

Гоаға, Мумбаиға, Гималай мен Делиге уақытыңызды бөлсеңіз еш өкінбейсіз. Оның үстіне күзде Делиде Дивали мерекесі тойланады. 5 күн бойы аталып өтетін жарық фестивалінде Үндістан түгел шырақ пен жарық лампаларға оранады, көшелерде отшашу атылып, кішкене зымырандар ұшырылады.

Қытай

Күзде Қытайдың оңтүстігінде жылы ауа-райы сақталады. Бұл уақыт Шанхай мен Пекиннің, Сиан мен Тибеттің көрікті жерлерімен танысуға ең ыңғайлы. Шоппинг жасап, Циндао мен Даляньның шипажайларында демалуға болады.

Күзде Қытайда демалсаңыз Ай мерекесі мен Өнім мерекесінің үстінен түсесіз. Қала көшелерінде театрландырылған қойылымдар мен түрлі мерекелік шаралар өтеді. Қаланы жап-жарық шырақтармен безендіреді.

(жалғасы бар)

Авторы: Айман Сырлыбай

Бөлісу:
Алдыңғы мақала«Central Asia Electricity World — 2017» халықаралық көрмесі
Келесі мақаладаIphone X: болашақты қарсы ал!