Тұрғын үй төлемдерін өтеуге қатысты бағдарлама қашан іске қосылады?

182

ҚР ИИДМ мамыр айына дейін тұрғын үй төлемдері бойынша бағдарламаны іске қосуды жоспарлап отыр. 

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде ҚР Президентінің тапсырмасы бойынша жылжымайтын мүліктің жеке секторынан баспаны жалға алу шығындарының бір бөлігін мемлекеттік өтеу қағидаларының жобасы әзірленді. Соның аясында табысы төмен 70 мыңға жуық отбасына мемлекеттік қолдау көрсетіледі. 

Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдарда 590 мыңға жуық адам баспана жағдайын жақсартуға мұқтаж ретінде кезекте тұр. Оның 210 мыңы – көпбалалы, 1 және 2 топтағы мүгедектер, жетім балалар мен мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар.

70 мың өтініш берушінің табысы өте төмен, яғни 1 ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз. Оның ішінде 51 мыңы – көп балалы, 10 мыңы – мүгедек, 7 мыңы – мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасы және 2 мыңы – жетім балалар. Оларды қысқа мерзім ішінде баспанамен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Осы мақсатта ҚР ИИДМ жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған баспана үшін төлемдерді тағайындау қағидаларын әзірледі.

Атаулы көмек қағидаты азаматтар мен мемлекеттің ортақ жауапкершілігіне негізделген, яғни 50%-ы бюджет есебінен жабылса, қалған жартысын өтініш беруші төлейді.

Бағдарлама операторы ретінде Отбасы Банкі анықталды. Банк мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграциялау арқылы кезекте тұрғандардың үйге мұқтаждық өлшемдеріне сәйкестігін тексереді.

Өтініш берушілерге қойылатын басты талаптар: ҚР азаматтығының болуы; отбасының әрбір мүшесіне шаққанда соңғы 6 айдағы жиынтық табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1 еселенген мөлшерінен аспайтын болуы; расталған жалдау шарты. Сонымен қатар, әкімдік кезегінде өтініш берушінің мәртебесін тексеру қарастырылған.

Министрлік ұсынған нұсқада төлемдерді тағайындау үшін банкке электрондық цифрлық қолтаңба көмегімен жүгінуге болады. Бұл ретте төлемдерді тағайындауға арналған өтінішті және пәтер жалдау шартын бекіту қажет. Отбасы құжаттарын тексергеннен кейін Банк 10 жұмыс күні ішінде ақша қаражатын есептеуі тиіс.

«Азаматтардың жекелеген санаттарының мәселелерін жедел шешу үшін Мемлекет басшысы тұрғын үйді нарықтан жалға алу үшін төлем жасау тетігін әзірлеуді тапсырды. Осыған сәйкес Министрлік өлшемдер мен талаптарға, сондай-ақ жалдау мөлшерлемесінің шекті құнына қатысты ережелер әзірледі. Биыл 70 мың азаматты қолдауға 50 млрд теңге бөлу қажет. Республикалық бюджетке жүктемені азайту үшін жергілікті бюджеттерден қоса қаржыландыру қажет болады. Тұрғын үй төлемдері бағдарламасын толық іске қосуды биыл мамыр айына жоспарлап отырмыз», – деді ҚР ИИДМ басшысы.