Білім және ғылым министрлігінің «Желіге шолу» атты жаңа жобасы іске қосылды.

Басты мақсат – желі қолданушылары жазған пікірлерге, сұрақтарға жауап беру, өзекті мәселелерге қатысты көпшілікке дұрыс ақпаратты түсінікті тілде жеткізу. Алғашқы шығарылымда ҚР Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев және «Болашақ» халықаралық бағдарламасы бойынша Аризона университетінде білім алған қазақстандықтар елімізде Аризона университеті филиалының ашылуына қатысты оқырмандарымыздың сұрақтарына жауап береді. Олар өздерінің оқу тәжірибесі және қазақстандықтарға сапалы, халықаралық жоғары білімнің қолжетімділігі бойынша қандай мүмкіндіктер берілгені туралы айтты.

«Болашақ» бағдарламасының түлектері қазіргі талапкерлерге университет таңдау аясы кеңейгенін атап өтті. Бүгінде жастарға еліміздегі ең үздік жоғары оқу орындарында, «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде немесе үкіметаралық келісімдер аясында Қазақстанда ашылатын шетелдік университеттердің филиалдарында білім алу мүмкіндігі беріліп отыр.

Мәселен, Ардак Касанова есімді желі қолданушысы Аризона университеті жайындағы постқа: «Сол универге қарапайым халықтың балалары қалай түседі?»,-деген пікір қалдырыпты. Бұл сұраққа ҚР Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев жауап берді. Оның айтуынша, бұл жоба негізінен қарапайым балаларға арналған.

«Ең бастысы балалар ағылшын тілін білуі керек. Аризона университетінің арнайы емтиханы болады»,- дейді вице-министр.

Қуаныш Ерғалиев Айсұлу Қасым есімді оқырманымыздың: «ЛГБТ ресми түрде үйретер Аризона университеті. Несіне қуанып мәз боламыз»,- деген сауалына да жауап берді.

«Ең бірінші мынаны айтуымыз керек, Аризона университетімен келісім жасаған кезде тәрбие жұмысын толығымен Қазақстан жағы қадағалайды, бақылайды деп келістік. Тәрбие жөніндегі ректордың орынбасары Қазақстан жағынан тағайындалады және бүкіл тәрбие жұмысы біздің менталитетімізге сай, құндылықтарымызға сай жүргізіледі», – деді ҚР Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.

Аризона университетінде 4 жыл білім алған Байжанов Нұрсейт те көпшілікті толғандырған мәселеге қатысты пікір білдірді.

«Мен Аризонада 4 жыл бойы оқыдым. Мен өз көзіммен көрдім. Ондай ЛГБТ насихат еш уақытта болған жоқ. Қазақстандық бір де бір студент осындай қауымға қосылған жоқ»,- дейді «Болашақ» халықаралық бағдарламасының түлегі.

Маншук Серикова есімді қолданушы «Жақсы хабар, онда қандай мамандықтар бойынша дайындайды?»,- деген сауал қалдырыпты.

Білім және ғылым вице-министрі Аризона университетінің мықты бағыттары бойынша басымдық берілгенін мәлімдеді. Бұл ауыл шаруашылығы, инженерия мамандықтары.

«Аризона университетінде тіпті медицина мамандығы да мықты болып саналады. Сондықтан медицина факультетін ашу да жоспарланған», – деді Қуаныш Ерғалиев.

Ауылшаруашылық техникасы мен технологиясы мамандығы бойынша Аризона университетінің түлегі Жаңбырбаев Жандәулет бүгінде ауылшаруашылық саласында жұмыс істеп жүрген компаниялардың тіл білетін агрономдарға, басқа да ауылшаруашылық мамандарына сұранысы үлкен екенін айтады.

«Агроном ағылшын тілін білсе ол өзінің ойын, пікірін шетелдік әріптестеріне толық жеткізе алса, біздің жаһандық компаниялармен қатынасымыз күшейеді деп ойлаймын. Қазақстандық ауылшаруашылық мамандарының деңгейі көтеріледі деп ойлаймын. Ол бізге әлемдік нарыққа жол ашады», – дейді сала маманы.

amway_kazakhstan_2021 «Оқу ақылы бола ма немесе грант болады ма?»,- деген сұрақ қалдырыпты.

ҚР Білім және ғылым вице-министрі мемлекет тарапынан гранттар бөлінетінін мәлімдеді. Сонымен қатар ақылы оқуға да мүмкіндік беріледі.

«Қазір қарасаңыздар, Қазақстанда оқимын десеңіз көптеген жақсы университеттеріміз бар. Шетелге барамын десеңіз, «Болашақ» бағдарламасы бар. Президентіміздің тапсырмасы бойынша британиялық университеттердің, Ресей университеттерінің филиалдары ашылып жатыр. Қазіргі жастарға оқуға, еңбек етуге, білім алуға барлық жағдай жасалды», – дейді ҚР Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.