Алаяқтардан қалай қорғануға болады? Fingramota.kz осы туралы айтып береді.
1. Сізге қоңырау шалушы ақша және оны «жоғалтып алмау» туралы әңгіме қозғай бастаса, бірден сөйлесуді үзіп жіберіңіз!
Банк қызметкері сіздің құпия деректеріңізді ешқашан сұрамайды және бірінші болып қоңырау шалмайды. Егер олар операцияны күдікті деп санаса, онда олар сіздің шотыңызды бірден бұғаттап, кейіннен оның анық-қанығына жетеді.
Сізбен қаржы алаяқтарының хабарласқанына көз жеткізу үшін, бірден өзіңізге қызмет көрсетілетін банкке жедел желі нөмірі арқылы хабарласыңыз. Ешқашанда телефон қоңырауы келіп түскен нөмірге қайта хабарласпаңыз. Алаяқтар кез келген тіпті төрт таңбалы телефон нөмірлерін де заманауи технологиялардың көмегімен ауыстыруды үйреніп алған.
2. Бірінші болып қоңырау шалған адамға өз деректеріңізді беруге асықпаңыз, банкте деректеріңіздің онсыз да бар екенін ұмытпаңыз!
Шын мәнінде банкте жұмыс істейтін банк менеджері сізге хабарласып, тегіңізді; паспорт деректеріңізді; қандай картаның рәсімделгені, онда қанша ақша қалғанын нақтыламайды. Банкте сіздің толық қаржылық досьеңіз – кредиттік тарихыңыз бар. Сондықтан да банктің қызметкерлері ешқашан телефон арқылы осы мәселелер бойынша хабарласпайды. Бұл ақпарат тек алаяқтар үшін ғана маңызды болып келеді.
Есіңізде болсын, банктер клиенттерден: карточканың толық нөмірін; оның жарамдылық мерзімін; CVC/CVV; интернет-банкингтің логині мен паролін; код сөзін, SMS-хабарламаның кодын телефон арқылы сұрау үшін ешқашан қоңырау шалмайды. Банк бұл деректерді сіз өзіңіз қандай да бір мәселені шешу үшін сол жерге қоңырау шалған жағдайда ғана сұрата алады. Мысалы, шетелге барған кезде картаны бұғаттан шығару үшін, қайта шығарылған картаны қайдан алуға болатындығын нақтылау және т.с.с. Егер олар сізге қоңырау шалып, өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, осындай ақпаратты сұраса, тіпті автоматты жауап бергішке айту керек болса да, күмән жоқ – бұл алаяқтар.
3. Егер телефон алаяқтары сізді қорқытуға тырысса, үрейленбеңіз!
Сіздің картаңызбен күрделі мәселе бар деген үрей тудыратын мәлімдемеге ең жақсы жауап: «Мен қазір тексеру үшін банкке қоңырау шаламын немесе өзім барамын». Қоңырау шалушы бірден телефонды өшіретініне сенімді болыңыз.
Аяушылық ойыны
Басқа алаяқтық схемасы қайырымдылық тақырыбымен байланысты. Мысалы, әлеуметтік желілерде сізді мұқтаж жандарға, жануарларға көмектесуге шақыруы мүмкін немесе көшеде қолдарында балалардың, мысықтардың немесе иттердің суреттері жабыстырылған мөлдір қораптары бар жастар келіп көмек сұрауы мүмкін.
Олар өздерін еріктілер ретінде таныстырып, қайырымдылық үшін ақша жинап жатқандығын айтады. Бұл ретте олар елдегі және әлемдегі болып жатқан соңғы оқиғаларға сілтей отырып, кез келген ұран айтуы мүмкін. Олардың басты мақсаты – сіздің аяушылық сезіміңізді ояту арқылы сізден неғұрлым көп қаражат алу. Егер сіз оларға сеніп, онлайн режимде олармен байланыс орнататын болсаңыз, онда қаскөйлер сізді фишингтік сайтқа өтіп, өз төлем деректеріңізді сонда қалдыруға мәжбүр етуі мүмкін. Немесе кибералаяқтарға сіз және сіздің шоттарыңыз туралы маңызды ақпаратты беретін шпиондық софт жүктеуге мәжбүрлеуі мүмкін.
Не істеу қажет?
1. Сыни тұрғыдан пайымдаңыз!
2. Сұрақтар қойыңыз!
3. Кибергигиенаны сақтаңыз!