Алматының Бостандық ауданында үйлену тойына дайындық кезінде туындаған жанжал пышақтасуға ұласты, деп хабарлайды Jas.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, сауда орталықтарының бірінің автотұрағында ер адам мен болашақ қалыңдығының ағасы арасында жанжал шыққан. Кикілжің барысында күдіктілердің бірі пышақ алып, қарсыласына дене жарақатын салған.
Полиция қызметкерлері күдіктіні оқиға болғаннан кейін көп ұзамай қолға түсірді. Оның автокөлігін тінту кезінде қылмыс құралы болуы мүмкін пышақ табылып, тәркіленді. Заттай дәлелдемелер қылмыстық іс материалдарына тіркелген.
Жарақат алған азамат ауруханаға жеткізілді. Қазіргі уақытта оның алған жарақатының ауырлығы анықталуда.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, қажетті сот сараптамалары тағайындалды. Тергеу барысында жанжалға қатысушылардың әрекетіне құқықтық баға беріледі.
