Талдықорғанда 16 ана мен 16 қыз бала сайысқа түсті

1745

Бүгін Талдықорғанда қала күніне орай «Анам және мен» байқауы өтті. Додаға 16 ана мен 16 қыз бала қатысты.

Балабақша тәрбиеленушілері мен олардың аналары бірігіп қатысатын дода қала күні қарсаңында дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады. Басты мақсат ана мен баланың белсенділігін арттырып, балабақша тыныс-тіршілігіне етене араластыру. Анасы мен баласын сахнаға шығарып, олардың бойындағы өнерін халыққа паш ету. Бұл жолғы сайыста да аналар балдырғандарымен бірге бар өнерлерін ортаға салды. Әнді де айтты, биді де биледі. Киім үлгілерін де көрсетті.

«Қызым Жәния  екеуіміз №4 балабақшаның атынан қатыстық. Мұндай ауқымды байқауда бірінші рет бағымызды сынап тұрмыз. Барлығы да өте жоғары дайындықпен келген. Соңғы екі күнде көз ілместен,  жарысқа дайындалдым. Көрсетілімге қағаздан жасалған көйлек киіп шықтық. Оны  өзім қолдан жасадым. Қиялға ерік беру керек,  ұшқыр ой да керек әрине. Еңбегіміз бағаланды», – дейді байқаудың бірінші орын иегері Руфина Ибраева.

Ал осы сайыстың  бас жүлдесі №42 балабақшаға бұйырды. Айта кету керек, бүгін 172 мыңға жуық тұрғыны бар Талдықорған  қала күнін сән-салтанатпен атап өтті. Мерекені  жастарға арналған  би кеші мен отшашу қорытындылайтын болады.