Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы жастар арасында байқау жариялайды. Бұл туралы басқарма басшысы Балмаржан Нарбекова ақпараттық-коммуникация орталығында өткен брифингте мәлімдеді.
Байқау «Жастар практикасы – жұмыс табудың мүмкіндігі» деп аталады. Әуесқой фото-видеолардың TikTok челленджі «Жастар практикасы» мен «Алғашқы жұмыс орны» тақырыптарына арналмақ.
– Мұндағы мақсатымыз – жұмыссыздықтың алдын алу. Жоғары оқу орындары, колледж түлектерін тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігін жоғарылату, «Жастар практикасы» және «Алғашқы жұмыс орны мемлекеттік бағдарламаларына қатысуға және жастарды оқыту, кәсіптік бағдарлау және жұмысқа орналастыру мәселелеріне көбірек көңіл бөлу. Осылайша әлеуметтік осал топтағы жастарға қолдау көрсетіп, жастар арасында кеңінен танымал TikTok және Instagram мемлекеттік бағдарламасын насихаттауды көздеп отырмыз, – дейді Балмаржан Полатқызы.
Байқауға жоғары және орта арнаулы оқу орындарының түлектері мен 29 жасқа дейінгі жұмыссыз қала тұрғындары қатыса алады. Олар қысқаша видео, фото, пост және т.б дайындап, инстаграм желісі арқылы жариялауы тиіс. Постта @zhumispen.kamtu және shymqala_zhastary парақшалары тегтеліп, #zhastarpractice, #zhastarpraktikasy хэштегтері пайдалануы міндетті.
Байқау 2022 жылғы 1 ақпан күні сағат 11:00-ден бастап 15 ақпан күні 13:00-ге дейін жалғасады. 16 ақпан күні сағат 15:00-де байқау қорытындысы шығып, жеңімпаз @zhumispen.kamtu парақшасы арқылы анықталып, жарияланады. Жеңімпаздарға шипажайға екі адамдық жолдама, сымсыз құлаққап және смарт-сағат сынды бағалы сыйлықтар табысталады деп күтілуде.