16-26 жас аралығындағы еуропалық жастар не қалайды? Олардың әскери қақтығыстар мен жергілікті билік және саясат туралы пікірі қандай? Пандемия олардың өміріне қалай әсер етті? Континенттің әртүрлі елдеріндегі осы буын өкілдері өздерінің дүниетанымы мен құндылықтары бойынша қазақстандық замандастарынан несімен өзгеше? Дәл осы мәселені Jas.kz тілшісі Дина Әділбайқызы сараптап көрді.
Еуропалық хабар тарату одағының бастамасымен 16-34 жас аралығындағы миллионға жуық еуропалық жастар арасында сауалнама жүргізілген болатын. Респонденттерден қоғамдық және саяси проблемалар, әлеуметтік мәселелер, олардың болашаққа деген көзқарасы мен ұмтылыстар туралы сұрақтар қойылды.
Жобаға Франция, Италия, Германия, Австрия, Беларусь және басқа да бірқатар Еуропа елдері қатысты. Нәтижесінде, сауалнама авторлары ұрпақтың «әлеуметтік портретін» жасап шығарған. Сауалнама авторларының бірі Ник Кристоф және ЮНЕСКО өкілі Сью Вайс БҰҰ Жаңалықтар қызметіне берген сұхбатында жалпы көрініс туралы қысқаша қайырды:
«Біз қазіргі ұрпақтар арасында үлкен алшақтық бар екенін түсіндік. Бұл — 60-шы жылдардан бері болмаған құбылыс. Қазіргі жас буын мүлдем өзгеше. Жастардың құндылықтары мен көзқарасы әртүрлі».
Ал Қазақстандағы зерттеулерге сүйенетін болсақ, біздің жастарға ұрпақтар арасындағы құндылық айырмашылығы мәселелері тән емес. «Қазақстан жастары – 2020» ұлттық баяндамасының нәтижесі бойынша (79,4 %) өз құндылықтары белгілі бір дәрежеде ата-анасының құндылықтарымен ұқсас екенін атап өтеді. Бұл көрсеткіш үрпақтар сабақтастығының жалғасып келе жатқандыңының айқын көрінісі.
Карантин кезінде әрбір төртінші жас жұмысынан айрылған
Респонденттердің жартысынан көбі пандемия кезінде олардың өмірі нашарлағанын айтты. Орташа алғанда, әрбір төртінші жас жұмысынан айрылғанын немесе материалдық шығынға ұшырағанын хабарлады.
Жастар ортасында жұмыспен қамту мәселелері Қазақстанда да шиеленіскен. ТЖ режимі мен карантин шаралары енгізілгеніне байланысты қазақстандық жастардың 13,2 % жұмыссыз қалған
«Мемлекеттік институттар жастарды түсінбейді»
Сауалнама көрсеткендей, жастар қазіргі жүйені қабылдауға дайын емес, олар өте прогрессивті және батыл болып шықты.
«Жастар өздерін жүйенің бір бөлігі ретінде сезінбейді. Мемлекеттік институттары оларды түсінбейді деп ойлайды. Оларға әлем қозғалатын жол олардың жолы емес сияқты көрінеді. Олар мәселелерді басқаша шешкілері келеді.
Мысалы, Еуропадағы ксенофобия мен дискриминация мәселесіне тоқталатын болсақ, онда жастардың көзқарастары көптеген саясаткерлердің көзқарастарымен қарама-қайшы» — дейді сауалнама авторлары.
Қазақстандық жастар бұл мәселеде еуропалық замандастарынан ерекшеленбейді екен. Отандық әлеуметтанудағы зерттеу нәтижелеріне сәйкес, респонденттердің үштен бірінің пікірінше, мемлекеттік органдар жастарды қолдау мәселелеріне жеткіліксіз көңіл бөлінеді.
Жастар әлемнің бейбітшілікте өмір сүруді үйренгенін қалайды
Қазіргі таңда өзекті тақырыпқа айналған босқындар мәселесінде еуропалық жастар негізінен қарсылық танытпайды екен. Дәл осындай пікірмен беларустық жастар да келіседі. Мысалы, олардың 62%-ы Беларусь азаматтары жұмысқа қабылдау кезінде басымдыққа ие болуы керек деген пікірмен келіспейді. Еуропалықтардың 72%-ы иммиграция мәдениетті байытады деп санайды. Сондай-ақ, 60%-ында хиджабтағы әйелдер жағымсыз эмоция тудырмайды.
«Жастар бейбіт шешімдерді қолдайды. Олар адамдардың бейбітшілікте өмір сүруді үйренгенін қалайды. Сондай-ақ, дискриминация мен ксенофобия мәселесін шешкісі келеді.
Жаңа ұрпақ – бейбітшілікті қалайтын ұрпақ деп сенімді түрде айта аламыз. Айтпақшы, жас еуропалықтар әскери қақтығыстарға, яғни соғысқа өте жеккөрінішпен қарайды» дейді Сью Вайс
Жаһандық климатты қорғау – жас еуропалықтар үшін басты мәселе болып шықты
Әлеуметтанушылар еуропалық деңгейдегі үш үлкен проблеманы және құндылықты көрсету туралы өтінішіне жеті елдің бесеуіндегі респонденттер экология мен климатты бірінші орынға қойды.
Ал қазақстандық жастар арасында экология мәселесі кейінгі орында екені анықталды. Олар үшін басты тренд — салауатты өмір салтына бейімділік (48,5 %), волонтерлік (47,1 %), саяхат (28,7 %), азаматтық белсенділік (23,1 %) және экология мәселелері (17,7 %).
Сауалнама көрсеткендей, қазіргі уақытта саяси тақырыптарға үлкен қызығушылық бар. Мысалы, британдық жастардың 58%-ы саясатқа қатты қызығушылық танытатын көрінеді. Екінші орында — немістер 41%. Ал испандықтардың 32%-ын, итальяндықтардың 40%-ын және француздардың 45%-ын саясат мүлдем қызықтырмайды немесе онша қызықтырмайды деп жауап берді.
Қазақстанда саяси оқиғаларға қызығушылық танытқан жастардың үлесі 53,1 % құрады.
Сауалнама авторлары болашақта Еуропаның барлық елдерінде жастардың саясатқа деген қызығушылығы төмендейтінін айтады.
Демократияның басым жақтары ретінде еуропалық жастардың көпшілігі сөз бостандығы мен БАҚ-ты, сондай-ақ барлық азаматтардың саяси процеске қатысу мүмкіндігін айтты. Әлсіз жақтары — саясаткерлер арасындағы сыбайлас жемқорлық және шешім қабылдаудың тым ұзақ рәсімдері.
Алайда, Франция мен Польшадан басқа барлық елдердегі жастардың жартысынан көбі демократияны үкіметтің ең жақсы формасы деп санайды.