Басты бет Мақала Tanym Испанияда жастарға қалай көмек көрсетіледі? Қазақстанда ше?

Испанияда жастарға қалай көмек көрсетіледі? Қазақстанда ше?

Испания үкіметі жастар ата-анасынан бөлек шығып, пәтер жалдайтын мүмкіндігі болуы үшін оларды қолдаудың жаңа бағдарламасын енгізді. 2022 жылдан бастап Испанияда табысы төмен жастарға тұрғын үй субсидиялары төленеді.

Бұл бағдарлама бойынша 35 жасқа дейінгі испандарға пәтер жалдау үшін үкімет  екі жыл бойы ай сайын €250 көлемінде субсидия төлеп тұрмақ.

Қажетті құжаттар тізіміне:
Жылдық кірісі €24,318 екендігі туралы бір ғана  анықтама қажет. 

2020 жылы ата-анасымен бірге тұратын 25 пен 29 жас аралығындағы испандықтардың үлесі 55% құрады. BBC мәліметтері бойынша, испандықтар тек 30 жасында ғана ата-аналарынан бөлек шығады. Мұның бір себебі — жалға алу бағасының қымбаттығы, әсіресе үлкен қалаларда. Себебі, жас испандықтардың орташа жалақысы айына 970 евро құрайды.

Испаниядағы тұрғын үй министрі Ракель Санчес: «Тұрғын үй бағасы жастардың ұядан ұшып, еркін өмір сүруіне кедергі келтірмеуі керек», — деді. 

Ал қазақстандық жастар үшін баспаналы болудың қандай жолдары бар? 

Үлкен қалаларда «жұмыс істейтін жастар үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы бар.

Оның шарттары бойынша,

  • 29 жасқа дейінгі ҚР азаматы; 
  • Аяқталған орта/ орта-арнайы/ жоғары / ЖОО-дан кейінгі білім және ресми жұмыспен қамтылуы; 
  • Нұр-Сұлтан қаласында соңғы 2 жыл тұрақты тіркеуде тұруы; 
  • ҚР меншік құқығы бойынша өзінің және отбасының барлық мүшесінің атында тұрғын үйдің болмауы, оның ішінде 2 жылға сатып алу құқығымен де жалға берілетін тұрғын үйдің болмауы; 
  • Төлем қабілеттілігін растай алуы (соңғы 6 ай көрсеткіші бойынша ай сайынғы табысы кем дегенде 111 200 теңге) керек

Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй 5 жыл мерзімге беріледі.

Құжаттар тізімі:

1) Ережедегі қосымшаға сәйкес форма бойынша өтініш (өтінімді толтырған соң өзі құрылады);
2) Берушінің және ерлі-зайыптылардың (бар болса) жеке басын куәландыратын сканерленген құжат;
3) Білім туралы сканерленген құжаты (диплом, сертификаттар);
4) Неке қию туралы сканерленген куәлік (бар болса);
5) Балалардың сканерленген туу туралы куәлігі (бар болса);
6) Қазақстан Республикасы бойынша өтініш берушіге және отбасының барлық мүшелеріне жылжымайтын мүліктің жоқ (бар) екендігі туралы анықтама;
7) Жұмыс орнынан сканерленген анықтама, сондай-ақ, жеке кәсіпкерлік жүргізген жағдайда жеке кәсіпкерліктің тіркелуі туралы куәлік;
8) Өтініш берушінің ай сайынғы табысын кемінде 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде растайтын соңғы алты ай ішіндегі табысы туралы сканерленген анықтамасы;
9) Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 35-бабына сәйкес еңбек өтілін растайтын сканерленген құжаттары (бюджеттік ұйымда өтілді растау үшін еңбек кітапшаның сканерленген беттерін немесе өтілді растатын анықтаманы жүктеу керек болады);
10) Екінші деңгейлі банктердің жинақ шоттарындағы (депозиттеріндегі) жинақтардың болуы және нөмірі туралы анықтама және банктік шот бойынша ақшаның қалдығы және қозғалысы туралы сканерленген үзінді;
11) Өтініш берушінің түрлі қызмет салаларындағы жеке жетістіктерін растайтын сканерленген құжаттары (кәсіби саладағы жетістіктер ескерілуі қажет. Мысалы, дипломдар, марапаттар және басшылықтың алғыс хаттары).

Көріп тұрғандарыңыздай, еліміздегі жалға берілетін баспана мәселесі  Испаниядағыдай бір құжатпен бір күнде шешіле қоятын шаруа емес. Одан бөлек бұл бағдарлама тек Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қаласының жастарына ғана берілуі керек. Басқа қалалар жастарға арналған бұл бағдарламадан тыс қалады.

Жас жұбайлар бағдарламасы арқылы «небәрі» 6 пайыздық мөлшерлемемен баспана рәсімдей алады. Алайда, олар сатып алатын үй құнының жартысын 1 жылда жинауы шарт.

Осы орайда, Еуропа елдеріндегі ипотека мөлшерлемесі бойынша ақпарат көрсетуді жөн көрдік.

  • Словакиядағы ипотека мөлшерлемесі жылына 0,4-1,2%. Ал бастапқы жарна құны жылжымайтын мүлік құнының 10% — дан 30% — на дейін.
  • Чехияда Ипотека бойынша орташа мөлшерлеме 2,13% — дан 2,23% — ға дейін ұлғайды. Бұл орташа мөлшерлеменің ең үлкен өсуі болып саналады.
  • Польшада көптеген банктердің маржасының мөлшері 1,5-1,7 аралығында.
  • Австриялық Банктердің  ставкалары салыстырмалы түрде 1,2%
  • Дания Орталық банкінің кредит беру мөлшерлемесі 2015 жылғы қаңтардан бастап 0,05% — ды құрайды. Бұл әлемдегі ең төменгі ставкалардың бірі.
  • Германияда 2019 жылы елде 10 жылға арналған ипотеканы 1% ставкамен алуға болады.
  • Франциядағы Орталық Банкінің мәліметтері бойынша ипотека мөлшерлемесі орта есеппен 1,23%

Испания үкіметінің үйсіз жастардың проблемасына үлкен көңіл бөліп жатқанын айтып өттік қой. Дегенмен Еуропа мемлекеттерінің ішінде  ең арзан жылжымайтын мүлік Испанияда деп айтсақ болады. Жерорта теңізінің жағалауы — инвесторлар арасында жылжымайтын мүлік сатып алу үшін ең танымал аймақ.

Назарларыңызға арзан бағаға пәтер сатып алуға болатын Испанияның  3 қаласын ұсынамыз.

Мурсия

Жерорта теңізінің жағалауына жақын орналасқан ірі әкімшілік орталық. Бұл туристер әлі жете қоймаған тыныш жер, бірақ шетелдік инвесторлар қаланың жылжымайтын мүлкіне назар аударады.

Жазы ыстық және қысы жылы. Барлық жағынан таулармен қоршалған. Жағажайдан 10 минуттық жердегі үйді бар-жоғы 50-70 мың еуроға сатып ала аласыз. Қала орталығындағы 2-3 бөлмелі пәтерді  40-60 мың еуроға сатып алуға болады. 

Аликанте-Коста

Бланка жағалауындағы туристік орталық. Қала экономикасы қызмет көрсету саласымен 85% байланысты, бірінші кезекте — туризм және сауда. Ыстық климатты жақсы көретіндер үшін бұл қала — нағыз жұмақ.

Шуақты күндер саны жылына 300-ден асады, жазы ыстық және құрғақ, қысы жылы. Егер жағажайдың жанындағы тұрғын үйдің құны 45-50 мың еуроға сатып алуға болатын болса, шетінен  30-35 мың еуроға үш бөлмелі пәтер сатып алуға болады.

Торревьеха

Курорттық қала Коста Бланка жағалауында орналасқан. Климаты Жерорта теңізі, жылына ең көп күн (320). Жазы ыстық, қысы жылы. Жыл сайын Торревьехке мыңдаған туристер келеді.

Егер сіз жағажайдың жанындағы бір бөлмелі пәтер іздесеңіз, оны 30-35 мың еуроға сатып ала аласыз. 2-3 бөлмелі пәтер  39-50 мың еуро тұрады. Қала орталығындағы пәтерлер біршама қымбат.

Мысалы, жалпы алаңы 60 ш.м бір бөлмелі апартаменттер 54 мың еуроға сатылады. Пәтер жағдайы жақсы және жиһазбен толық жабдықталған

Exit mobile version