Алматы облысында «Балуан Шолақ» фильмі түсіріліп жатыр

1918

«Қазақфильм» киностудиясы еліміздің Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен «Балуан Шолақ» көркем фильмін түсіріп жатыр.

Толық метражды фильмнің режиссері – Нұргелді Садығұлов. Ал сценарийін жазушы әрі драматург Дулат Исабеков жазған. Фильмде атақты балуанның жеке өмірі мен өскен ортасы, әншілік қыры мен қилы тағдыры және еліне деген махаббаты көрініс табады. Қазір Алматы облысы Райымбек ауданы Кеген ауылында туындының негізгі көріністері түсіріліп жатыр.

Кинотуындының режиссері Нұргелді Садығұлов атақты балуан туралы кино түсіруді көптен бері армандағанын айтады.

Нұргелді Садығұлов, «Балуан Шолақ» фильмінің бас режиссері:

– Оқуға түскен кезден бастап айтып жүретінмін. Сол кезден бері балуанға қатысты дайындықтар жасап жүрдім. Кейіннен мына Дулат Исабеков ағамыздың арқасында осындай жақсы бір пьеса жазылып, Әуезов театрында қойылып, оны әбден көріп, әбден ғашық боп, содан кейін Дулат ағамыздың пьеасын өзім сұраттым. Бұл әңгіме сол 5-6 жыл бұрын басталды.

«Фильмде Балуан Шолақтың жеке өмірі, бойындағы ақындық, әншілік қасиеттерін, ол кісінің тек қара күштің иесі ғана емес, еліне, жеріне, отанға деген сүйіспеншілігін де көрсетуге тырыстық», – дейді шығармашылық топ өкілдері. Балуан Шолақты Еркебұлан Дайров ойнайды.

Еркебұлан Дайыров, актер:

– Балуан Шолақ тек сері композитор емес, ғаламат күштің иесі емес, ол – халықтың мүддесі үшін қызмет еткен азаматтардың бірі. Сондықтан бұл жерде ұлт мүддесіне деген де, жалпы қазақтың қазақ болып қалуына көп үлес қосқан қайраткерлердің бірі ретінде көрсетеміз.

Бұл тарихи туындының түсірілімі алдағы уақытта Көкшетау мен Бурабайда жалғасады. Балуан Шолақ атанып кеткен Нұрмағамбет Баймырзаұлы жайлы фильм күзде экранға шығады, ал оның қалай суреттелгенін көзі қарақты көрермен бағалай жатар.