Қыркүйектің 26-27 күндері Арқа төрінде еліміздің ең мықты деген жайдарманшылары жиналды. Жоғары лиганың жартылай финалына бақ сынасуға келген әрбір команданың елге айтары да, көрсетері де көп болды. «Астана» концерт залында өткен ойындар көрермендерді екі күн қатарынан күлкіге тойдырып, салмақты әзілдермен қалың ойға шомдырды. Ойынды әдеттегідей Есен Елеукен «Бар жанарды жаулаған Жайдарман ойындары ашық» деп жариялап, жайдарманшыларға өнерлерін ортаға салып, оны халыққа паш етуге мүмкіндік берді.
Лиганың 10 командасы финалға 5 жолдаманы сарапқа салды. Алғашқы топта «Фемида», «Элемент», «Сырдария», «Боранқұл» және «Тұрана» командалары өнер көрсетті. Бұл күні бағы жанып, финалға тікелей жолдама алған командалар – «Элемент» және «Сырдария».
Келесі күні «Сағыз», «Байдың балалары», «Грант», «Жұлдызды жігіттер», «Шымкент жастар құрамасы» бақ сынасты. Ал ішінде халықтың қошеметіне бөленіп, жоғары ұпай сандарын еншілеген «Байдың балалары және «Сағыз» құрамалары болды. Ұпай сандарын салыстыра келе қазылар алқасының шешімімен бесінші команда болып финалға «Шымкент жастар құрамасы» өтті. Кіл мықтылар жиналған финалдық ойын өте тартысты өтпек.
Алғашқы күні қазылар алқасы құрамында «Жас Отан» Жастар қанатының төрағасы Данияр Манарбекұлы, спортшы Бақтияр Артаев, Парламент Мәжілісінің депутаты Бақтияр Мәкен, танымал тележүргізуші Берік Уәли және белгілі сатирик Көпен Әмірбек болды. Келесі күнгі қазылар алқасының құрамы сәл ғана өзгерді. Танымал тележүргізуші Дана Нұржігіт спортшы Бақтияр Артаевтың орнын алмастырды. Қазылар алқасының тарапынан мақтау сөздер де, сын да айтылды. Осы сайыстың ажары «қайым айтыс» болғаны сөзсіз. Қайым айтыста жайдарманшылар бар сөздік қорларын ақтарып, қоржындарын ажарлы сөзбен жинақтап алып келген сияқты. Талантты да тапқыр өнерпаздар сөзге шешен екендіктерін тағы бір мәрте дәлелдеді. «Грант» құрамасы осы сайысқа ерекше дайындалыпты. Қазақы киімдерімен ел қошеметіне ие болғаны анық. Оған қоса, «Махаббат бекетін» негізге алып жасаған «Сағыз құрамасының» «Сағыс бекеті» көрермендер жүрегінде ерекше орын алды. Екі күн қатарынан «Астана» концерт залы жайдармансүйер қауымға лық толды.
Қоржындарына үздік әзілдерді жинап келген жайдарманшылардың тақырып ауқымы кең, көтерген мәселесі терең, айтқан сындары орынды болғаны анық. Өз кезегінде қазылар алқасынан осындай жауапкершілікпен келгендері үшін олар алғыс та естіді. Әр топ өздерінің қалыпты бағытында ойнап, қызықты бейнероликтер дайындап алып келген. Осы жолғы ойынның тағы бір ерекшелігі — финалға оңтүстік өңірінен келген үш бірдей команданың өтуі. Жайдарманның финалынан да осындай салмақты әзілдер, үлкен дайындық және де көтеріңкі көңіл-күй күтеміз!