ҚР Сыртқы істер министрлігі мен шет елдердегі мекемелері Қазақстан азаматтарын Украинадан эвакуациялау жұмысы басталғаннан бері 431 азаматқа, оның ішінде Польшаға – 404 адамға, Молдоваға – 21 адамға, Мажарстанға – 5 адамға, Словакияға – 1 адамға шығуға жәрдем көрсетті. Қазақстандық дипломаттар жоғарыда аталған мемлекеттердің шекарасынан өтуді, азаматтарды жинауды және Қазақстанға одан әрі жетуді қамтамасыз етеді.
«Air Astana» әуекомпаниясының екі эвакуациялық ұшағы 299 адамды шығарып үлгерді, олар Катовице қаласынан (Польша) Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларына жетті. Сонымен қатар, ү.ж. 3 наурызда үшінші эвакуациялық ұшақты жіберу пысықталуда.
Қазіргі уақытта Катовице қаласында 68 ҚР азаматы елге оралуын күтуде. Бұған дейін шекараны өткен бірқатар азаматтар ЕО аумағында қалуға шешім қабылдады. Сонымен қатар, азаматтарымызды украин-поляк шекарасына жеткізу үшін Киевтен 57 адамға және Львовтан 41 адамға сапар ұйымдастырылды.
«Атамекен» ҰКП берген ақпаратына сәйкес, Украинадағы әскери шиеленіс басталғаннан кейін ел аумағында 47 жүргізуші – ҚР азаматтары және 8 жүргізуші – шет мемлекеттердің азаматтары бар жалпы 55 бірлік автокөлік қалды.
Қазіргі таңда қазақстандық дипломаттардың көмегімен 55 автокөлік құралдарының ішінен жүргізушілермен бірге 13 автокөлік украин-ресейлік шекарасы арқылы Ресей аумағына, 8 автокөлік Молдоваға және 3 автокөлік Польшаға шығуға қолғабыс көрсетілді. Қолда бар деректер бойынша, қазақстандық тасымалдаушылардың 31 автокөлік құралы Украина аумағында қалды.
Азаматтардың және жүк тасымалдаушылардың орналасқан жеріне байланысты ҚР-дың Ресейдегі, Беларусьтегі, Польшадағы, Словакиядағы, Мажарстандағы, Румыниядағы және Молдовадағы шетелдік мекемелері олармен тұрақты байланыста және болу елінің билігімен бұл аумақтар арқылы эвакуациялауды пысықтауда, сондай-ақ неғұрлым қауіпсіз эвакуациялық жолдарды ұсынуда.