Иранға тиесілі ұшқышсыз ұшу аппараттары Әзербайжанның Нахичевань Автономиялық Республикасында құлады. Соның салдарынан екі адам жарақат алды. Бұл туралы Әзербайжан Сыртқы істер министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Jas.kz.
Ведомство мәліметінше, дрондардың бірі Нахичевань халықаралық әуежайының терминал ғимаратына құлаған. Тағы бір ұшқышсыз аппарат Шекерабад ауылындағы мектеп маңына түскен.
Оқиғаға байланысты Бакудегі Иран елшісі Моджтаба Демирчилу Әзербайжан Сыртқы істер министрлігіне шақырылды.
Әзербайжан тарапы бұл әрекетті халықаралық құқық нормалары мен қағидаттарының бұзылуы деп бағалап, оның аймақтағы шиеленісті күшейтетінін мәлімдеді.
«Біз Иран Ислам Республикасынан бұл оқиғаға қатысты қысқа мерзімде нақты түсініктеме беруді, тиісті тергеу жүргізуді және мұндай шабуылдардың қайталануына жол бермеу үшін шұғыл шаралар қабылдауды талап етеміз», – делінген министрлік мәлімдемесінде.
Сондай-ақ Баку қажет болған жағдайда тиісті жауап шараларын қабылдау құқығын өзінде қалдыратынын ескертті.
Әзербайжанның Minval басылымының мәліметінше, соққы Shahed-136 үлгісіндегі дрондар арқылы жасалған. Ал Reuters агенттігі Әзербайжан үкіметіндегі дереккөзге сілтеме жасап, әуежайға дрондармен қатар зымырандар да қолданылғанын хабарлады. Шабуыл салдарынан өрт шыққаны айтылды. Куәгерлер түсірген видеоларда әуежай маңынан қою қара түтін көтерілгені көрінеді.
Нахичевань халықаралық әуежайы Иран шекарасынан шамамен 10 шақырым жерде орналасқан. Шабуыл салдарынан әуежай ғимаратына зақым келіп, екі бейбіт тұрғын жарақат алған.
