Нұр-Сұлтанда жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін қайтарымсыз гранттар алуға өтінімдер қабылдау басталды. Бұл туралы қалалық Жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Бақтияр Айтпаев мәлім етті, деп хабарлады Elorda.info.

Оның айтуынша, биыл елордада 350 грант беру жоспарланған, оның ішінде 204-і — жастар үшін, 146-сы — халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған.

Өтінімдерді қабылдау 10 жұмыс күніне созылады, содан кейін қалалық комиссия берілген өтініштерді қарайды. Комиссия отырыстарында үміткерлер өздерінің бизнес-жобаларын таныстыруы тиіс. Өтінім беру күні комиссияның шешіміне әсер етпейді, — деді Бақтияр Айтпаев.

Ол «Бастау Бизнес» жобасының соңғы үш жылдағы түлектері үшін бірінші кезекте Аtameken Аcademy порталында бизнес-жоспар бойынша деректерді редакциялау және кейін Business.enbek.kz порталына қатысуға өтінім беру қажеттігін атап өтті.

Сұрақтар туындаған жағдайда Нұр-Сұлтан қаласының Кәсіпкерлер палатасына жүгіну қажет, ол мына мекен жай бойынша орналасқан: Б. Момышұлы даңғылы, 2/11, call-center — 1432.