Суббота, 12 октября, 2024
No menu items!

Жастарға жағдай жасаған Ақтөбе

Басқа ақпараттар

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының тікелей тапсырмаларын орындау мақсатында осыдан бес жыл бұрын еліміздің барлық облысы мен ауданында жастар ресурстық орталықтары ашылып, жұмыс істей бастаған болатын. Әсіресе, былтыр жастар жылы аясында аталған орталықтар қызметін белсене атқарды. Атаулы жылда жастар мәселесіне ерекше мән беріліп, жаңа тыныс ашылғандай әсер қалдырды. Ақтөбе облысының жастары да бұл тұрғыда елеусіз қалған жоқ. Ынталандыру, елге қызмет етуге бағытталған іс-шаралар жүйелі әрі нақты іске асырылып жатқанына облыс халқы куә.

Бүгінде облыстық жастар ресурстық орталығында 14 қызметкер бар. Орталықтың ақпараттық, консультативтік сүйемелдеу, жастардың бастамаларын қолдау және басқа да форматтар арқылы жастармен жұмыс істеуді тікелей жүзеге асырушы ұйым екені жастардың әлеуметтенуіне жәрдемдесетіні белгілі. Міне, осы мақсат пен міндеттің жемісті атқарылғанының нәтижесі сол – ЖРО-ның қызметіне қатысатын жастардың әлеуметтік және тұлғалық дамуы, соның арқасында жастардың қоғам өміріне қатысымы белсенді жүзеге асты. Сонымен қатар, қоғамға жат және деструктив мінез-құлық көріністері де азайды. Орталық қызметкерлерінің мәліметіне сүйенсек, 2014 жылдан бастап жастар ресурстық орталығына түрлі сұрақ-мәселемен барлығы 818 жас жүгінген. Көпшілігін  психологиялық, әлеуметтік (ақпараттық), заңгерлік-құқықтық проблемалар мазалайды екен. Айталық, әлеуметтік-ақпараттық мәселемен келген жастар облыстық жастар ресурстық орталығының ықпалдасуымен тұрақты жұмыспен, «Жастар тәжірибесі», «Жасыл ел» бағдарламалары аясында жұмыспен қамтылды.

Мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру барысында бес жыл ішінде мыңға жуық шара өткізіліп, оған барлығы 161 096 жас қатысқан. Бұл – қуантарлық көрсеткіш. Іс-шаралардың сипатына келсек, түрлі салада жетістіктерге жеткен белгілі ақтөбеліктердің студент жастармен кездесулері ерекше әсер сыйлайды. Сонымен бірге облыстық «Жігер» әскери-патриоттық жиыны да ойып тұрып орын алды. Мақсаты – жастардың әскери-патриоттық тәрбиесін жетілдіру, әскери-патриоттық клубтардың іс-қимылын үйлестіру, жастарды Қарулы Күштердегі әскери қызметке даярлау, олардың бойында әскери қызметті өтеу кезінде қажет дағдылар мен ептілікті қалыптастыру. Жас отбасыларды қолдау, жастар арасында отбасы мен неке құндылықтарын насихаттау, ерлі-зайыптылардың әлеуметтік, тұрмыстық мәселелерін шешу жолдарын қарастыру мақсатында жыл сайын бір күндік «Жас шуақ» қала сырты лагері ұйымдастырылады. Елордамыздың 20 жылдығына орай облыстың белсенді жастары «Құтты мекен Ақтөбеден – арайлы Астанаға» атты автокеруен арнаған болатын. Бір қызығы, автокеруен «Ақтөбе – Қызылорда – Алматы – Астана» бағытында жүріп, тарихи астаналардың жолын жалғады. 1 тамызда халықаралық жастар күнін тойлау дәстүрге айналған. «Бәсекеге қабілетті жас маман – жарқын болашақ кепілі» атты халықаралық жұмысшы жастар слеті, жастар ісі жөніндегі комитеттерінің жұмысын жүзеге асыру және тұрақтандыру мақсатында облыс әкімінің жанынан құрылған  «Жастары белсенді елдің – болашағы жарқын» атты кеңейтілген жастар кеңесінің конференциясы өткізілді. Елбасының 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында жарияланған 2019 жыл – Жастар жылына орай «Жас барыс-2018» атты жастар форумы өткенін де атап өту керек. Ақтөбе – облыс әкімінің атаулы шәкіртақысы тағайындалатын бірден-бір аймақ. 2019 жылы шара барысында жоғары оқу орындарының 137 студентіне 160 мың теңге, кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдарының 40 студентіне 80 мың тенге көлемінде стипендия табысталған. Студенттік бастамаларды қолдау және ынталандыру, талантты жастардың рухани-адамгершілік, шығармашылық, мәдени жетістіктерін анықтау, дамыту мақсатында Aqtоbе Student Fest – 2019 студенттердің шығармашылық фестивалі өтті. Фестиваль барысында студенттік ұжымдар «вокал», «хореография», «театр», «өзіндік жанр» бағыттары бойынша өнерлерін көрсетеді. Фестивальге 50-ден астам шығармашыл жастар қатысты. 2016 жылдан бастап «Жас Ақтөбе» облыстық жастар сыйлығымен марапаттау салтанатты шарасы ұйымдастырылып келеді. Осылайша облыс көлемінде мемлекеттік жастар саясатының дамуына, елдің саяси және қоғам өміріне белсене араласып, зор үлес қосқан жас азаматтарды, әр сала бойынша өз  мамандығының шеберлерін анықтау және марапаттау мақсаты іске асып жатыр. Әрі дарынды жастарға қолдау көрсетудің жарқын үлгісі десек те болады. Он номинация бойынша алғыс хат пен 100 мың теңге ақшалай сыйлық табысталады.

Жыл басында елордамыздың төрінде Елбасының қатысуымен Жастар жылының ашылу салтанаты өткені мәлім. Осы орайда Жастар жылына арналған «Жол картасы» жасалған еді. Соған сәйкес «Жас отбасыларға арналған баспана мәселесі ірі қалаларда өткір екенін ескере отырып, Үкіметке алдымен Астанада, Алматы және Шымкентте жұмыс істейтін жастар үшін жылына 1 мың пәтерден кем емес құрылысты қамтамасыз ету қажет екені айтылған. Бұл пәтерлер «жалдамалы баспана санатына жатқызылуы тиіс» деп атап өтіліп, тапсырма жүктелген болатын. Осыған байланысты елімізде тұңғыш рет болып осы бағдарламаны қолдап, Ақтөбе облысы әкімінің тапсырмасына сай, Ақтөбе қаласының әкімдігі, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-мен бірлесе отыра, мемлекет тарапынан азаматтарға, соның ішінде баспанасыз жүрген жас отбасылар мен жастарға қолдау көрсету мақсатында «Жастар» бағдарламасы жүзеге асырылды. Яғни 40-50 шаршы метрлік бір бөлмелі пәтерлерді 350 мың теңге көлемінде бастапқы жарна төлеу арқылы 29 жасқа дейінгі жастардың алуына жағдай жасалған. Мұндай бастама бұрын-соңды өзге облыстарда қолға алынбаған болатын. Ай сайынғы төлемақы да 35 мың теңге шамасында ғана. Ресми жалақы мөлшері 63-80 мың теңге аралығында болғандары бүгінді баспаналы болды. Санына келсек, жаңа үйге жыл басында қол жеткізген 100 жас бар.

«Жастар ресурстық орталықтарына әкімшілік тарапынан барлық жағдай жасалса, ЖРО мамандары өмірлік дағдылар бойынша тренингтер жүргізіп (топтық жұмыс, креативті және сыни ойлау, коммуникативтілік, көшбасшылық және т.б.), бейресми оқыту барысында отбасылық құндылықтарға және рухани-адамгершілік тұрғыда тәрбиелеуге басты назар аударуға болады. 14 пен 29 жас аралығындағы жастар, олардың қатарында оқушылар, студенттер, жұмысшылар, жұмыссыз, мүмкіндігі шектеулі, жас отбасылар бар. Әр санаттағы жастардың мәселелері әр түрлі. Сондықтан мекен-жай жұмыстары кезінде аталған жастардың қажеттілігі анықталады.  Өңірде жастардың барлық санатымен тікелей жұмыс істеуде, мемлекеттік бағдарламалар бойынша ақпараттық кеңес беруде, жастардың жобалары мен тың идеяларын, бастамаларын жүзеге асыруға ықпалдасуда, волонтерлық топтардың басын қосып шаралар ұйымдастыруда жастар ресурстық орталықтарының атқаратын рөлі зор. 2019 жыл Жастар жылында «Жас Ақтөбе» облыстық жастар сыйлығымен марапаттау, волонтерлар форумы, жас кәсіпкерлер форумын өткізу жоспарланып отыр» дейді орталық басшысы Гүлнар Әбдісаматқызы.

 

Бүгінде өңір жастары арасында ұлтжанды, пікірінін ашық айтатын, азаматтық позициясы жоғары жастар баршылық. Ақтөбеде 30-ға жуық еріктілер ұйымы бар. Олардың басын біріктіріп, жүйелеп, тиімді жұмыс жүргізу үшін Өңірлік волонтерлар Корпусын құру қажет секілді. Президент өз сөзінде волонтерлықпен айналысатын студенттердің стипендиясын 30%-ға көтеруді тапсырғаны да белгілі. Бұл белсенді жастар үшін үлкен серпіліс болуы тиіс. NEET категориясындағы 1379 жастың 307 маусымдық, 223 қоғамдық, 86 әлеуметтік, 336 тұрақты жұмыспен қамтылды. 122 жас оқыту курстарына жіберілген.

- Advertisement -spot_img
- Advertisement -spot_img
Соңғы жарияланымдар

2024 жылғы 7-13 қазан күндері өтетін жарыстар аңдатпасы

Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі ин ұсынды. 🔹 7-13 қазан – Үстел теннисінен XXVII Азия чемпионаты Астанада алғаш рет үстел теннисінен...
- Advertisement -spot_img

Өзге жазбаларды оқи отырыңыз

- Advertisement -spot_img