АСТАНА – ОТАНЫМЫЗДЫҢ ЖҮРЕГІ

3090

Алматы облысының әкімі Амандық Ғаббасұлы Баталовтың Астана күнімен құттықтауы

Құрметті Алматы облысының тұрғындары!

Сіздерді Астана күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл – әрбір қазақстандық үшін де маңызды әрі қуанышты мереке. Астана – Отанымыздың жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі, бірлік пен келісімнің негізі, республикамыздың жетістіктері мен қарқынды дамуының белгісі.

Өзінің жиырма жылдық белесінде Елордамыз экономикалық жағынан қуатты, әлеуеті зор, жылдам қарқынмен өркендеп келе жатқан бас қалаға айналып үлгерді. Бұл Мемлекет басшысы – Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың салиқалы да сарабдал саясатының жарқын көрінісі.

Бүгінгі күні Астана «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін лайықты өткізе отырып, өзінің туған күнін нық қадаммен, айтулы жетістіктермен қарсы алып отыр. Еліміздің түкпір-түкпірінен және жер шарының әр қиырынан келген қонақтарды құшақ жая қарсы алуда. «Жасыл энергетика» саласындағы еліміздің жаңа мүмкіндіктерін танытып, әлемдегі креативті ойлай білетін жаңашыл адамдардың басын қосатын орталық болып отыр.

Барша қазақстандықтар сияқты жетісулықтар да өзінің сүйікті астанасымен мақтанады. Астана – Отанымыздың дамуына қуатты қарқын беретін теңдессіз еуразиялық феномен.

Құрметті жетісулықтар!

Астана – көңілге үміт, болашаққа сенім ұялатар, жаңа жобаларға, асқақ армандарға жол ашар жарқын қала. Осы мақсат-міндеттерге қол жеткізуге облыстың әр тұрғыны атсалысатынына сенімім мол.

Бас қаланың әлемдік қауымдастықтағы орны бекем, беделі биік, абыройы асқақ болсын!

Баршаңызға мықты денсаулық, бейбіт ғұмыр, еңбекте жеміс, отбасында береке тілеймін.