Елордадағы Алматы облысының мәдени күндері аясында 14-15 шілде «Қазанат» спорт кешенінде Ұлттық спорт түрлерінен ойындар ұйымдастырылып, бүркітшілер сайысы өтеді.
«Қазақстанда 70 бүркітші болса, оның 50-і аталған облыстың тумасы. Райымбек, Еңбекшіқазақ аудандарының бүркітшілері ЭКСПО-2017 көрмесіне келген қонақтарды өнерімен таңқалдырмақ»,- деді Алматы облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында.
«Алматы облысының мәдени күндері Астана қаласында» атты тақырыбында болған баспасөз жиында облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Мұқашұлы 8-9 шілде аралығында облыстың ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтетінін хабарлады. 40 кәсіпорын қатысатын көрмеде 4 тонна табиғи-таза өнім қойылады. Шілде айының 11-15 аралығында Алматы облысының өнер ұжымдары мен қолөнер шеберлерінің өнерін тамашалауға болады.