Өнерпаздар Астанаға аттанды

1492

Шілденің 11-15-і аралығында Астана қаласында «Астана Экспо-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Алматы облысының Мәдениет күндері өтеді. Бүгін Талдықорған қаласындағы Қаратал өзені жағалауында облыс өнерпаздарын көпшілік аталмыш шараға салтанатпен шығарып салды. Салтанатты шараға облыс әкімі Амандық Баталов қатысып, өңірде мәдениет саласын дамытуға айрықша көңіл бөлініп отырғанын жеткізді. Мәселен, өнер ұжымдары үшін соңғы үлгідегі жаңа аппаратуралар сатып алынған.

– Сіздерді Астана күнімен шын жүректен құттықтаймын! Елордамыз өзінің 19 жылдығын «Астана Экспо-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу мәртебесімен қарсы алып отыр. Бүгінге дейін көрмені еліміздің және шетелдердің әр қиырынан жарты миллионға жуық адам тамашалап үлгерді. Бүгін біз «Астана Экспо-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне орай Астана қаласында 11-15 шілде аралығында өтетін Алматы облысының Мәдениет күндеріне облыс өнерпаздарын шығарып салғалы тұрмыз. Алматы облысының Мәдениет күндерін тамашалаған әрбір адам ерекше әсер алып, өңірдің жаңалығы мен тың тынысын танып қайтады деген сенімдемін. Жетісудың мәдениеті мен өнерін барынша жарқырата танытуларыңызға тілектеспін, – деді А.Баталов.

Салтанатты шығарып салу рәсімі Сүйінбай атындағы облыстық филармония мен «Құлансаз» ФЭА-ның концертімен жалғасты.

Жалпы, Алматы облысының Мәдениет күндеріне Б. Римова атындағы облыстық драма театры, Сүйінбай атындағы облыстық филармония, «Құлансаз» фольклорлық-этнографиялық ансамблі, «Алтынай» халықтық би мемлекеттік ансамблі, сол сияқты М. Тынышпаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейі, көркемсурет галереясы, қолөнершілер мен спортшылар атсалысатын болады.