Осы аптада елордалық мәдениет мекемелері кез келген жастағы балалар үшін қызықты және әртүрлі іс-шаралар бағдарламасын дайындады. Көрмелер, спектакльдер, сол сияқты ашық есік күндері шектеу және карантин шараларын сақтай отырып өткізіледі, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Осы аптада «Жастар» театры төрт қойылым қояды. 8 және 9 ақпан күндері сағат 19:00-де жастар сахна төріне Б.Соқпақбаевтың «Көзіме бір көрінсең, бала ғашық» повесінің желісі бойынша дайындалған қойылымды ұсынады.

10 ақпанда сағат 12:00 және 14:00-де жас көрермендер Г.Хандерсеннің әйгілі «Кішкентай су перісі» ертегісінің қойылымына қатыса алады. Күндіз мұнда Б.Бекжановтың «Өмір» драмасы көрсетіледі. Ал 12 және 13 ақпан күндері кешке театр қонақтарын Н.Жақыпбайдың «Жанарымдағы жалғыз әуен» атты театрландырылған концерттік бағдарламасы күтеді.

10 ақпан күні сағат 19:00-де Nomad City Hall сахнасында М.Мақатаевтың «Қош, махаббат» драмасы қойылады. Спектакль қазақтың көрнекті ақынының туған күніне арналған. 13 ақпан күні сағат 15:00-де «Арыстан Патша» ертегісі ұсынылады.
11 ақпан күні сағат 16:00-де, 12 және 13 ақпан күні сағат 12:00-де, 14:00-де және 16:00-де қуыршақ театры көрермендерді Т.Хасанғалиеваның «Қыс туралы ертегі» қойылымына шақырады.

Музыкалық жас көрермен театры 13 ақпан күні сағат 19:00-де «Абай-Тоғжан» музыкалық драмасын көрсетеді.

Осы аптада үш қойылымды М. Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры ұсынады. 10 ақпанда Н.Гогольдің «Неке» комедиясының, 11 ақпанда В.Шукшиннің «Светлые думы» желісі бойынша әзірленген қойылымының, 12 ақпанда А. Островскийдің «Гроза» драмасының көрсетілімі өтеді.

«Жастар» сарайы әлеуметтік желілердегі парақшаларында өнерпаздардың және кәсіби ұжымдардың қатысуымен онлайн жобаларды ұсынады.

9 ақпанда №5 балалар кітапханасы «Күй абызы – Әлшекей Бекітбайұлы» Ақпарат күнін, ал №4 балалар кітапханасы «Оқылмаған кітаптар еліне саяхат» кітапханалық дилижансын өткізеді.

Күндіз №2 балалар кітапханасында «Да здравствует тело!», № 8 балалар кітапханасында «Қазақстан әйелдері! Жүз мың түрлі тұлға!…», № 15 бұқаралық кітапхана «Знаток человеческих нравов» библиопортреті іс-шаралары өтеді.

11 ақпан күні № 5 бұқаралық кітапханада «Белсенді ұзақ ғұмыр» ақпарат сағаты, ал орталық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында «Кел балалар оқылық» атты ашық есік күні өтеді.

№10 көпшілік кітапханасы 12 ақпан күні «Сыр сүлейі – Әлшекей» әңгімелесу-шолуына, №12 көпшілік кітапханасына «Кітапты махаббатпен сыйла» акциясына шақырады.

Астаналық цирк Instagram-дағы ресми аккаунтында онлайн айдарды іске қосады, онда цирк жанрлары туралы баяндайды.
«Атамекен» Қазақстан Картасы» Этно-мемориалдық кешені 10 ақпанда Мұқағали Мақатаевтың поэзиясы туралы бейнеролик дайындап отыр.

Сәкен Сейфуллин мұражайында 8 ақпанда дәстүрлі түрде бейнеэкскурсия өткізіледі. Күндіз мұражай қызметкерлері Сәкен Сейфуллиннің шығармасын оқып беретін «Сырсандық» сериясынан бейнеролик жариялайды. 10 ақпанда Т.Кәкішовтің еңбектерінен үзінділер, ал 11 ақпанда бірегей мұрағаттық суреттер көрсету жоспарланған. Бұл материалдардың барлығын әлеуметтік желілердегі музейдің ресми парақшаларынан көруге болады.

8 ақпанда «Мәңгілік Ел» салтанат қақпасы қазақ батырлары туралы «Батырлар жолы» атты бейнеролик жариялап, 10 ақпанда «Жетісу» саябағы туралы баяндайды.

Барлық іс-шаралар санитарлық нормалар мен карантин талаптарын қатаң сақтай отырып жүргізіледі.