Бірнеше дистрибьютор тауар бағасын өзгертті. Бұл туралы kolesa.kz хабарлады.
Теңгенің құнсыздануы автосалондағы машиналарды да айналып өтпеді. Қазір сатушылар өнім бағасын жаппай ауыстырып жатыр. Бірнеше модельдің құны 100 мың теңгеге артса, кейбірі тіпті бірнеше миллионға көтерілген.
Toyota Camry-дің 2 литрлік мотор мен вариатор орнатылған қарапайым нұсқасын 14.9 млн (+10.9 %) теңгеге аласыз. Ал бұрын 22.9 млн теңгеден саудаланған 3.5 литрлік V6-мен жүретін «Люкс» қазір 25.5 млн тұрады.
RAV4 үшін ақпанда сатушылар 15.2-ден 21.2 млн теңгеге дейін сұрайтын, қазір оның құны 16.9 бен 23.5 млн аралығында. Land Cruiser 300 39.7 млн теңгеден 42.5 млн теңгеге қымбаттады. «Премиум» жиынтығындағы флагманды алам десеңіз, 55.7-59.6 млн жұмсауға дайын болғаныңыз жөн.
Ал Hyundai керісінше, ескі бағаны сақтап қалды. Алматыдағы зауытта құрастырылатын Accent қана 400 мың теңгеге қымбаттаған. Бұрын 6.7-7.8 млн шамасында сатылған модельді енді 7.1-8.2 млн теңгеге алуға болады.
Chevrolet маркасының дистрибьюторы ақпанда баға тізімін жасырып қойған еді, қазір сайтқа қайта шығарыпты. Одан «Спарктың» 5.0 млн теңгеден 5.7 млн теңгеге қымбаттағаны байқалады. Біздің елде сұраныс жоғары Cobalt пен Nexia бағасына да жиынтық түріне байланысты 700-800 мың теңге қосылған.
Malibu, Equinox, Trailblazer және Tahoe құнында өзгеріс жоқ.
Kia да модельдерінің құнын 100 мыңнан 600 мыңға дейін арттырған. Нәтижесінде биыл шыққан Rio 7.8-9.6 млн теңгеге бағаланып отыр. Қыста бұл көлік 7.4-9 млн теңгеге сатылды.
Sorento-ның ең арзан нұсқасы 16.6 млн теңге тұрады. Қыста оны 15.9 млн теңгеге алуға болатын еді.
Lada Vesta ақпанда 5.8 млн теңгеден сатылған, енді оны алатындар 6.0 млн жұмсайды. Renault бағасында әзірше өзгеріс байқалмайды.
Қытайдан келетін Haval мен Chery, сонымен қатар жапониялық Subaru көліктерінің құны бұрынғы деңгейде тұр. Ал JAC сайттағы баға жазылған тізімді жасырып қойыпты, соған қарағанда марка өкілдері жуырда тауарын жаңа бағада ұсынатын сияқты.
05.03.2022, 16:30-да толықтырылды. Volkswagen маркалы бірнеше модельдің бағасы белгілі болды. Мұнда сөз Polo, Taos және Tiguan жайлы болып отыр. Үшеуі де Ресейде құрастырылады.
Polo-ның бағасы енді 9.1 млн теңгеден басталады, бұл ақпандағымен салыстырғанда 1.5 млн теңгеге жоғары. Taos кроссовері 2.8-3.2 млн теңгеге қымбаттап, ең арзаны 14.9 млн теңгеден саудаланып жатыр.
Бірақ бәрінен Tiguan-ның көп қымбаттағаны байқалады. Оған үстелген сома 3.4-4.1 млн шамасында. Яғни, жақсы жабдықталған «Тигуанды» 24 млн теңге алуға болады, ал қарапайым көлік үшін кемі 18 млн санап беруге тура келеді.