Биыл ақпан айында Украинадағы соғыс кезінде 1,7 миллионнан астам адам елін тастап кетті. Ал Еуропалық Одақ тағы 4 миллион  босқынды қабылдайтынын мәлімдеді.

Босқындардың көбі Польша, Румыния, Словакия, Венгрия және Молдоваға қоныс аударған болса, кейбірі Ресей мен Беларуське де кетті, Jas.Kz сайтының Словакиядағы тілшісі Дина Әділ ауып келген босқындармен тілдесіп, оларға көмектесіп жүрген еріктілермен сөйлесіп көрді.

22 жастағы Яна соғыс басталған күні Киевтен Молдоваға қашып шыққан. Оның айтуынша, отбасы Могилев-Подольский өткізу пунктіне кешкі сағат алтыда жетіп, ұзын-сонар кезекте жарты күн тұрған. Өйткені әскер жасындағы ер адамдарды шекарадан өткізбей, кері қайтарып жатты. 

«Кезекте тұрғандар көп болғанымен, арғы бетке өте аз адам өтті. Көз ілмегеніме аттай үш күн болды. Осылай бейнеттеніп жүріп, таңға жуық қана Молдоваға жеттік. Бізді мұндағы жергілікті тұрғындар құшақ жая қарсы алды. Жататын орын беріп, тамақтандырып, бәйек болды. Тіпті қонақ үйдегі әкеме бір әйел келіп: “Сәлеметсіз бе, менің атым Лиля. Мен осы қаланың әкімімін, қандай көмек бере аламын?” деп сұрады. Жол-жөнекей кезіккен адамдардың барлығы бізге көмек қолын созды. Еріктілер қолындағы барын ұсынып, бауырындай жақын тартты», дейді Яна.

Словакиялық волонтер Евгений – украиналық босқындарға аянбай көмек көрсеткендердің бірі. Ол бастапқы да босқындарға аудармашы болып көмектесті. Өйткені жат жерге келген босқындар ештеңеден бейхабар болатын.

Женяның айтуы бойынша, босқындар словак, не поляк тілін білмегендіктен, тіпті нан сұрай алмаған. Украин мен словак тілі ұқсас болғанымен, өзіндік ерекшеліктері бар екені түсінікті.  Көпшілігінде еуропалық валюта жоқ, тек украин гривені. Бастарына қайғы түсіп, құжаттарын ғана алып қашып келген. Оның айтуынша, қазір еріктілердің көмегіне жүгінетіндер көп. Словакия шекарасында армия, ТЖМ және басқа да ұйымдар босқындарға арналған модульдік қалашық ашқан. Онда Қызыл крест және  басқа да ұйымдар жұмыс істеп жатыр.

Братиславаға босқындарды таситын пойыздар Украинамен шекаралас Словакияның Кошице қаласынан келіп жатыр. Ал келіп жатқан босқындардың нақты санын тап басып айту қиын. Өйткені пойыздар тек Кошицеден ғана емес, барлық бағыттардан үздіксіз келіп жатыр.  

Вокзалдың екінші қабатында Украинадан келген босқындарға арналған арнайы күту залы ашылған. Онда тамақ-су бар, балаларға арналған бұрыш жабдықталған, балалардф алдарқату үшін теледидардан мультфильмдер көрсетіледі. Ұйықтауға, демалуға болатын бірнеше төсек бар.

Елде «Украинаға кім көмектеседі?» арнайы жобасы қолға алынған. Босқындар арнайы тіркеуден өткеннен соң, екі сағат ішінде олармен хабарласып, тиісті қажеттіліктермен қамтамасыз етеді.

Бұдан басқа Словакия Үкіметі украиндықтарға уақытша баспана ұсынады. Олар үшін арнайы заң қабылданды. Ресми өтініш 30 күн ішінде қаралады. Бірақ іс жүзінде украиндықтардың өздері айтқандай, өтініш берілгеннен кейін 15 минуттан соң босқын мәртебесі берілуі мүмкін. Шетелдік істер жөніндегі полиция 24/7 режимінде жұмыс істейді. Босқын мәртебесімен адамдар медициналық көмек және сақтандыру алып, жұмыс істеу құқығына ие болады. Бұл мәртебе 31 желтоқсанға дейін Словакияда қалуға мүмкіндік береді.

– Станциядағы адамдар – әртүрлі. Оларды екі санатқа бөлуге болады – дейді Женя – Біріншісі – балалы украин келіншектер, екіншісі – халықаралық студенттер.

«Үлкен сөмкелер асынған бір әйел қызын жетегіне алып, орындыққа жайғасты. Үш сағат вокзалда тапжылмай әлдебіреуді күтті. Жанына жақындап, қал-жағдайын сұрадық. Өзін Оксана деп таныстырған ол Киевтің тумасы екенін айтты. Соғыс басталмай тұрып, мектепте сабақ беріпті. Украинада күйеуі мен ағасы қалған. Алайда оларды елден шығармай қойған. Басынан өткен сұмдық жағдайды сөйлеуге шамасы келмей, әрең баяндап берді.

Оксана үйінен шыққан соң,  20 минуттан кейін үйіне бомба түскен. Еріктілер ұсынған барлық көмектен бас тартып, оларды жайына қалдыруды өтінді. Себебі жақынынан айырылғаннан кейін, әлі есін жия алмай отырған еді. Біз оларға баспана тауып бердік, қазір олар қауіпсіздікте. Енді оның алдағы өмірі өзіне байланысты. Словакияда қалып тіл үйреніп жұмысқа орналасады немесе кері қайтады» – деді волонтер.

Айтпақшы Global Peace Index тің зерттеуі бойынша, жеке бас қауіпсіздігі бойынша Словакия 23-орынға іліккен.

Волонтердің сөзіне сенсек,  босқындардың арасында «ақылға қонымсыз» оқиғалар да болып жатқан көрінеді.

«Бірнеше босқын бізге келіп, тегін баспана алуға өтініш білдірді. Артынша,  Словакияда қалмайтынын, ары қарай Канадаға барып бас сауғалайтын жоспарларымен  бөлісті.  Біз қайда, Канада қайда? Олардың қалталарында бар-жоғы 400 еуро бар. Олар Канадаға билет қанша тұратынын да білмейді. Кейін Братиславадағы Канада елшілігіне барып еді, елшіліктегілер олармен сөйлеспей қойды» – дейді ол.

Босқындардың екінші санаты – халықаралық студенттерге  словакиядағы украин еріктілерінің реніші бар. Азаматтығы болмағанмен, Украинада тұруға рұқсаты бар африкалықтар немесе арабтар елді бомбалай бастасымен, бірден заттарын жинап, шетелге жүгірген. 

“Украин тілінде сөйлеп, Ресейге қарсы ұрандарды айқайлауға келгенде алдарына жан салмайды. Бірақ Украинаға  көмектескісі келмейді. Көпшілігі медициналық студенттер. Қазір олар бейбіт халыққа да, басқа салаға да көмектесе алар еді. Бірақ бас сауғалап, қашып кетуді таңдағандар көп” – деп дейді реніш білдірген ерікті. 

Дегенмен шетел азаматтарының арасында Украинаны қорғағысы келетіндері жоқ емес.

«Станцияға бір адам келді, түріне қарап қатты уайымдағанын көруге  болады. Ол Словакияда кәсіпкер ресми мәртебесіне ие. Украинадан бірнеше жыл бұрын көшіп кеткен.  Ол өзінің Украинаға оралып, Отан қорғағысы келетін ізгі ниетімен бөлісті», дейді Евгений.

Ал соңғы үш жылдан бері Словакияда жұмыс істейтін 25 жастағы Антон Украинада қалған анасын алып келуге кетті.

Антон 2014 жылдан бергі Украинадағы саяси оқиғалар оның ел болашағына деген жарқын үмітін сөндірген. 24 ақпан Ресей президентінің мәлімдемесін тыңдағаннан кейін, ары қарай не болатынын түсінген. Сол күні зейнеткер анасынУкраинаның Ужгород қаласынан Словакияға алып келген. Жолда 40 шақырымға созылған кезекте тұрған. Бес күн дегенде, анасын шекарадан өткізген. Ал анасы жолды көтере алмай, бірнеше рет дәрігер шақыртқан. 

Антон сияқты ерекше тағдырдың талқысына ұшыраған жастар көп. Мәселен 26 жастағы Андрей Украинадан Словакияға екі жыл бұрын көшіп  келгенін. Елінен кетпей тұрып, ол жақта үш жыл келісім бойынша әскери қызмет атқарған. Ойлана келе, тұрақты табыс көзі мен жарқын болашақ іздеп Словакияға көшіп келеді. Осы жақта қалып, отбасын құрамын деген де жоспары бар болғанын айтты. Алайда, 1 наурыз күні Украинада әскери борышын атқару туралы шақырту қағазын алады. Енді ол болашақ қалыңдығы мен жұмысын тастап, Отанын қорғауға аттанды.