Алматыда мектеп бітіру кешіне жиналатын қаржы дауға айналды

Басқа ақпараттар

Алматыдағы мектептердің бірінде бітіру кешіне байланысты ірі көлемде ақша жиналу мәселесі қоғамда қызу талқылануда. Бұл туралы журналист Михаил Козачков өзінің Telegram-арнасында хабарлады.

Оның жазуынша, 11-сынып оқушысының анасы мектепте бітіру кешін өткізу үшін әр оқушыдан 200–300 мың теңге көлемінде қаражат жиналып жатқанын айтып, наразылық білдірген. Әйелдің айтуынша, мұндай кешті әлдеқайда арзан ұйымдастыруға болады, алайда оның ұсынысы қабылданбаған.

Ата-ананың пікірінше, мұндай шығындар қарапайым отбасылар үшін үлкен қаржылық салмақ түсіреді. Осыған байланысты ол жауапты органдардан жағдайға назар аударуды сұраған.

Аталған жарияланымға қатысты Алматы қаласының Білім басқармасы ресми түсініктеме берді.

Ведомство мәліметінше, мемлекеттік мектептерде кез келген ақша жинау заңсыз саналады.

«Мектеп әкімшілігі, педагогикалық ұжым және техникалық қызметкерлер бітіру кештеріне, мектепке немесе мұғалімдерге сыйлықтарға ақша жинауды бастауға, оған қатысуға немесе бақылауға құқылы емес», – делінген басқарма хабарламасында.

Сонымен қатар, бұл факті бойынша қызметтік тексеріс басталғаны хабарланды. Мамандар барлық мән-жайды анықтауға кіріскен.

«Егер тексеріс барысында мектеп әкімшілігі немесе педагогтар бұл жинаққа қандай да бір түрде қатысқаны анықталса, тіпті ата-аналар комитеті арқылы жанама қысым көрсетілген жағдайда да, мектеп басшылығына қатаң тәртіптік шаралар қолданылады, қызметінен босатуға дейін барады», – деп атап өтті басқарма.

Білім басқармасы «жинақты ата-аналар өздері ұйымдастырды» деген уәж жауапкершіліктен босатпайтынын да ескертті. Мектеп директоры оқу орнында әлеуметтік қысым мен заңсыз ақша жинауға жол бермеуі тиіс.

«Бітіру кеші – бұл аттестат тапсыру рәсімі, ол мектеп қабырғасында өтуі керек. Оқушылардың отбасыларына артық қаржылық талап қоюға жол берілмейді», – делінген ресми ақпаратта.

Қазіргі таңда мәселе басқарма басшылығының жеке бақылауына алынған. Ведомство ата-аналарды осындай жағдайлар орын алса, оны жасырмай, бірден хабарлауға шақырды.

Соңғы жарияланымдар

Ұлытау облысында адвокат аса ірі мөлшердегі алаяқтық және пара беруге итермелеу фактісі бойынша сотталды

Осы жылдың ақпан айында облыс прокуратурасының үйлестіруімен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаментімен Ұлытау облысы адвокаттар алқасының адвокатын ұстады6 деп хабарлайды...

Өзге жазбаларды оқи отырыңыз