Оқушы кезімізде мойнымызға көк галстук тағып, салтанатты шерулерге қатысып, түрлі шараларда жүретінбіз. «Бізге не береді» деген секілді сауалдар мазаламайтын. Алайда, 1,5 млн-нан астам баланың басын біріктіріп, әрбір мектеп қабырғасында өз қызметін үйлестіріп отырған, 2011 жылы президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы негізін қалаған «Жас Ұлан» ұйымы осы бір істердің бастауында тұр. Мемлекетіміздегі республикалық қозғалыстар арасында ең үлкен ауқымды қамтып, ең көп мүшесі бар ұйым биыл 6 жылдығын тойлады. Осы уақыт кезеңінде біршама істерді атқарып та үлгерді. Көпшілік шаралардан бөлек, танымдық-ақпараттық, әлеуметтік бағыттарда да тың жобалар көтеріп, өз істерімен көпке үлгі болуда. Содан болса керек, биылғы ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі ұйымдастырған Үкіметтік емес ұйымдарға арналған сыйлықақысында «Жастар саясаты мен балалар бастамаларын қолдау» аталымы бойынша жеңімпаз атанды. Иә, мақтануға тұрарлық іс. Дегенмен, бастысы бұл емес. Ұйымның ең бір маңызды әзірлеп жатқан құжаты еліміздегі барлық балалармен жасөспірімдерді, тіпті жастарды қамтитын ауқымды жоба. ҚР Дін істері және Азаматтық қоғам министрлігі, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Қазақстан жастарын әлеуметтендру және дамыту бойынша жалпыұлттық жастар жобасын дәл осы «Жас Ұлан» ұйымына сеніп тапсырды. Әрине, серіктес ұйымдар мен сарапшылар тобы да өз үлестерін қосуда. Алайда бас әкімші кезінде мемлекет басшысы өз қолымен тузын табыстаған осы «Жас Ұлан» ұйымы болып табылады.
Енді жалпы жоба туралы тоқтала кетсек. Осы күнге дейін мемлекетімізде жалпыұлттық жастар жобасы болған емес. Жастар саясаты туралы заңның өзін сан мәрте түзеп, енді ғана бір ретке келтірдік. Әрине, мемлекеттік жастар саясаты туралы жоба бары белгілі. Дегенмен, жалпыұлттық деңгейде бастама алғаш көтерілуде.
Жобаның басты мақсаты — жастардың азаматтық белсенділіктерін арттырып, әлеуметтік бастамаларға етене араластыруды қамтамасыз ету. Бүгінгі қоғамда «мемлекет маған береді» емес, «мен мемлекетке не беремін» деген саналы ойды қалыптастыру ісі маңызды дүниелердің бірі екені айтпаса да белгілі. Осы бір жоспарлы дүниені жастарға сііісті етіп, белсенділігін арттыру үшін бұл жоба әзірленуде. Тұлғаның кешенді дамуы, әлеуметтік жауапкершілікті дамиту мен түрлі жобаларға белсене араласу және қазақстандық бірегейлікті нығайту секілді бірнеше бағыттарды қамтитын жоба жастардың барлық деңгейде қалыптасуы үшін қызмет етуді көздейді. Осы бір жобаны жан-жақты таразылап, ой елегінен өткізіп, өңір жастарының пікірін білу мақсатында сегіз бірдей қалада сарапшылармен кездесулер өткізільі. Сарапшы дегенде ақ жағалылар емес. Әрбір жас деңгейіндегі белсенді азаматтар. Мысалға, көшбасшы оқушылар, белсенді жастар және жастар саясатының өкілдері. Осы секілді бірнеше фокус топтармен ой бөлісіп, жобаға ұсыныс-пікірлерін тыңдап, кейін барып негізгі жоба пайда болды. Иә, иә жоғарыдан төмен емес, төменнен жоғары қарай ұсынылған жоба. Сондықтан болар көпшілік оң бағасын беріп жатыр. Жоба аясында тұңғыш жастар платофрмасын құруда ойда бар. Тек ой емес, платформаны келер жылы іске қосу үшін құжат әзірленуде. Бұл платформа өз ішіне барлық жастар саясаты бағытындағы үкіметтік емес ұйымдарды, жастар саясаты басқармаларын, халықаралық ұйымдармен серіктес бірлестіктерді кіргізіп, олардың жобалары, атқарған және атқарылатын шаралары туралы толық ақпарат беретін болады. Тағы бір ерекшелігі кез-келген жас, болмаса үкіметтік емес ұйым өз жеке парақшасын аша алады. Сол парақша арқылы өзінің түрлі атқарған әлеуметтік қызметтерін көрсетіп, еңбегіне қарай түрлі мотивациялық сыйақылар беріледі. Қандай сыйақылар екені әзірге құпия.
Осы тұста жоба ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Байұзақұлының бастамасымен жүзеге асырылып жатқандығын айта кеткен жөн. Қорыта келе, осындай ауқымда жоба әзірлеп жатқан «Жас Ұлан» ұйымына сәттілік тілейміз. Жастарымызға берері мол, пайдасы көп болады деп сенеміз.
Айман СЫРЛЫБАЙ