Наурыз айының ортасына таман еліміздің түпкір-түпкірінен топ-топ болып жастар елордаға бет алады. Себебі – біреу-ақ, Жайдарман ойындарының «Маусымашары» басталады. Осы себепті он бес жылдан астам уақыт жастардың сүйікті ойынына айналған Жайдарманның қазіргі жағдайы, алдағы жоспарлары туралы Есен Елеукен мырза JAS.KZ сайтына айтып берді.

Жайдарманның рейтингі неге түсіп кетті?

– Жайдарманның телеарнадағы рейтингі төмен түсіп кеткендей боп көрінуі мүмкін. Бірақ бұның себебі – қазіргі адамдардың теледидар көрмеуі деп есептеймін. Жайдарманның негізгі аудиториясы – жастар. Ал қазіргі жастар көбіне интернетте отырады. Сондықтан жобаның теленұсқасынан гөрі Youtube сервисіндегі нұсқасы әлдеқайда көп қаралымға ие. Оның үстіне ютуб арнадағы оқырман санының миллионға жуықтап қалғаны дәлел болса керек.

Одан бөлек, әлеуметтік желілердегі үзінділерінің өзі жоғары деңгейде. Сондықтан Жайдарманның рейтингі туралы осы тұрғыдан қараған жөн деп есептеймін. Бұл тенденция тек Жайдарманда ғана емес, телевизиялық жобалардың барлығында  бар деп ойлаймын. 

Тағы бір айта кететін жай, кез келген жобаның белгілі бір өрлеу, құлдырау кезеңі болуы мүмкін. Жайдарман бұл жолдардан талай өткен. Алайда жастардың сүйікті ойыны ретінде әлі де өз деңгейінде келе жатыр.

Дегенмен телевизиялық жоба ретінде рейтингінің белгілі бір деңгейде төмендеуіне пандемия да әсер еткені жасырын емес. Өйткені көрерменсіз, көпшілік атмосферасынсыз өткен ойындардың бұрынғыдай әсер беруі қиындау. Сондықтан алдағы күндері лық толы зал мен көрермендердің шынайы шапалағы бұрынғы аураны, атмосфераны қайта бере алатынына сенімім зор.

Жайдарман бұрын жастардың «әлеуметтік лифті» ретінде саналатын, алайда қазір жастардың өзін көрсетуге мүмкіндігі мол. Ал қазіргі Жайдарман жастарға не бере алады?

– Жайдарман бұрын да, қазір де, болашақта да жастардың өзіндік дамуына ықпал етеді. Ол жерде жұмыс та, шығармашылық та, орта да, сынақ та, жеңіс пен жеңіліс те қатар келеді. Солардың бәріне төтеп беріп, басынан бастап, соңына дейін жеткізген жайдарманшы өмірде өзіндік пікірі бар, көпшілік арасында өзін өзі ұстай алатын, әрі лидерлік қабілетін қалыптастырған азамат болып шығатыны сөзсіз.

Жайдарман сайыс па, әлде жай ғана ойын ба?

– Жайдарман көрермендер үшін – әзіл алаңы болса, жайдарманшылар үшін – өмір, ойын түрінде өтетін шынайы бәсекеге толы өмір. Жаңа айтып өткенімдей, қатысушылардың өмірге деген көзқарасын қалыптастыратын алаң. Өкінішке қарай қазір шынайы өмірде шын бәсекеге мүмкіндік беретін алаңдар аз, сондықтан Жайдарманның маңызы осында деуге әбден негіз бар.

«Жайдарманның» тіліне, әзіліне үлкендердің көңілі толмайтын себебі не?

– Үлкендердің еш уақытта жастарға көңілі толмайтыны – заңдылық. Өйткені әр адам – өз қоғамының жемісі. Екі буынның балалық шағы, жастық шағы мүлдем бөлек. Үлкен буынның көзқарастары мен құндылықтары сәйкес келмейді де, көзқарастар қақтығысы басталады.

Оның үстіне қазір “Елу жылда ел жаңа емес”, он жылда түбегейлі өзгерістер болатын уақыт. Сондықтан қазіргі жастарды түсіну үшін олардың не көретіні, не тыңдайтыны, немен қоректеніп, нені қалайтынын білу үшін олармен бірге болу керек. Оларды тыңдау керек, олармен санасу керек. Менің жасым елуге келсе де, соларды түсінуге, олардың көзқарасымен санасуға тырысамын. Тіпті олардан үйренетінім де өте көп.

Әдетте сынаушылар жайдарманшылардың біліміне, тіліне, сөздеріне, әзіліне мін тағады.  Жалпы бір нәрсені түсініп алған дұрыс. Жайдарман аспаннан салбырап түскен жастардың сайысы емес. Олар – сіз бен біздің баламыз. Егер жайдарманшылардың сөзі, тілі, білімі нашар болса, ол елдегі жастардың деңгейі деген сөз. Яғни Жайдарман – қоғамның, жастардың айнасы.

Егер жайдарманшылардың болмысына көңіліңіз толмаса, орныңыздан тұрып балаңызды тәрбиелеуге кірісіңіз. Балаңызға өзіңіз тәрбие бере алмасаңыз, көп кешікпей теледидардан білімсіз, сөздік қоры кедей жайдарманшыны көруіңіз әбден мүмкін. Ал сіздің жауапкершілігіңіздің төмендігінен, бізге балаңызбен көп жұмыс істеуге тура келеді. Әрине, оны ешкімге міндет қылмаймыз. Бар болғаны жастардың әрбір қателігі біздің, ата-ананың, үлкен буынның қателігінің жемісі екенін жеткізгім келіп отыр.

«Жайдарманның» бір телеарнадан екінші телеарнаға ауысуы, ойындардың ютубтағы әр түрлі каналдарға ауысуы көрерменге қиянат емес пе? Неге біркелкі, бір каналда шығып тұрмайды?

– Әрине, көрерменге қиянат екенін түсініп отырмыз. Алайда қаржылық жағдайға байланысты біз түсірілім жасайтын телеарнаға тәуелдіміз. Ал телеарналар жайдармансүйер көрерменнің пікірін ескере бермейтінін жасырудың қажеті жоқ. Өз эфирінен шығатын болғандықтан өз меншігі ретінде көреді. Оның артында қалың көпшілік, ұйымдасқан ұжым бар екенін ескермейді. 

Егер қаржылық тәуелсіздікке қол жеткізіп, маркетинг-менеджмент бағытында ілгерілей алсақ, бұндай әрекеттердің алдын алуға мүмкіндік туады. Біз дәл осы мәселені шешуге тырысып жатырмыз, көп кешікпей барлығы шешіледі. Оған дейін сүйікті көрермендеріміздің түсіністік танытуын сұрағым келеді.

Жайдарман Cup көрермендерді ғана емес, жайдарманшыларды да елең еткізген жоба болды. Бұл жобаның ендігі тағдыры қалай болмақ, жалғасы бола ма?

– Иә, ол өте жақсы эксперимент болды. Оның елең еткізген себебі, қаржылай сыйлығы, қазылар алқасының өз бағасы туралы эфирде түсіндіріп беруі мен қатысушылардың өз пікірін айтуға толықтай мүмкіндік берілуі деп едім. Алайда ол түбегейлі, ұзаққа созылатын жоба болмады.

Негізі Жайдарман Cup-та уақыт тым тығыз болды. Егер уақыт беріліп, бірнеше бөлімге бөліп түсіргенде, бұдан да жоғары деңгейде шығаруға болар еді. Дегенмен бар мүмкіндігімізбен жақсы эксперименттен өтті деуге толық негіз бар.

Бұйырса осы маусымда «Jaidarman TOP» деген атаумен үлкен жобаны қолға алғалы отырмыз. Жаңа Қазақстандағы өзгерістермен қатар, Жайдарман Cup-тан да әлдеқайда өзгеше көзқарас, тың сайыстарға толы ойын болмақ. Бұл жердегі басты ерекшелік – Жайдармандағы дәстүрлі сайыстардан түбегейлі бас тартып, жайдарманшыларды жаңа сынақтарға салмақпыз. Бұл біраз адамға, біраз топқа қиын болуы мүмкін. Бірақ көрермендер үшін қызықты ойын күтіп тұр деп есептеймін.

Қазіргі таңда ютубтан жеке канал ашып, тұрақты түрде подкаст түсіруді қолға алдыңыз, бұл сізге не үшін керек болды?

– Қазіргі кезде трендке шыққан подкаст деген дүние карантин кезінде хит болды ғой. Өзім бұрын да қарап жүретінмін. Алайда қазақ тілінде өте аз жобалар болды. Көбі жастарға арналған, ақыл тоқтатып, буын бекіткен жастағыларға арналған подкасттарды көп көре алмадық. Сондықтан жұртқа жалтақтап жүргенше, өзім неге ашып көрмеске деп байқап көріп едік. Көрермен жылы қабылдаған соң, тынысымыз ашылып жүре берді (күледі).

Бұрын радиода диктор болдым, Жайдарман жүргізушісі болдым дегенмен, камерамен, әрі спикермен жеке қалғанда, тәжірибеміз аздау екені байқалды. Әрине, қателіктер де бар, өйткені кәсіби тележүргізуші емеспін, журналист емеспін. Алайда бұл телеарна емес, өз хоббиым, өзіме ұнайтын нәрсе болғандықтан әрі қарай жалғастыра бердім. Өйткені қозғап жүрген мәселелер өзіме қажетті, ұнайтын тақырыптарды көтеруге тырысамын. Біреуге ұнар, біреуге ұнамас, бірақ қазір көрерменде таңдау бар ғой. 

Негізі осындай қазақша жобалар көп болуы керек деп есептеймін. Әр салада жеке жеке болса, тіпті жақсы. Қай кезде де контенттің көп болуы – тілдің қолданыс аясын кеңейтуге септігін тигізеді. Ал оның сапаға көтерілуі уақыт еншісінде. Қажетті контентті көрерменнің өзі сараптап беретіні анық. Бастысы – сең қозғалды.

Жайдарманның алдағы жоспары туралы айтып өтсеңіз?

– Әдетте жұрт түсінігі телеарнадағы “Жайдарман” ойындарымен ғана шектеледі. Алайда оның сыртында үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Енді оларды да жұртшылықпен таныстыру жұмыстары жүргізіледі.

Жайдарманды әзілкештер сайысы ғана емес, жастардың қозғалысына айналдыру мақсаты тұр. Бұл жерде жастарға тұлғалық дамуына да мүмкіндік берілуі керек. Тіпті жастардың, оның ішінде ауыл жастарының мәселелерін көтеріп, жоғарыға жеткізудің тетіктері қарастырылуда.

Түрлі интеллектуалдық ойындар ұйымдастырып, жастардың білікті мамандардан дәріс алуына жағдай жасауды көздейміз. Бұны болашаққа сілтеп, уақыттың еншісіне қалдырмай, тез арада іске асырмақпыз. Дегенмен, “Арық айтып, семіз шық” демекші, асатпай жатып құлдық демейік. Әрбір жобаны жарыққа шығарған бойда, жайдарманның жайдары көрермендеріне барынша хабарлап, паш етуге уәде етеміз.

– Сұхбатыңызға көп рахмет, бар жанарды жаулаған Жайдарман үнемі ашық болсын!