Соңғы 10 жыл ішінде баспанасы болмаған барлық азаматқа тұрғын үйге мұқтаж ретінде кезекке тұру құқығын беру қарастырылады. 

ҚР Парламенті Мәжілісінде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі әзірлеген тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері жөніндегі заң жобасының тұсаукесері өтті. Құжаттың тұжырымдамасын ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Еркебұлан Дауылбаев таныстырды.

Заң жобасы Мемлекет басшысының халық үшін баспананың қолжетімділігі мәселелерін шешу жөніндегі тапсырмасына сәйкес әзірленді. 

Еркебұлан Дауылбаевтың айтуынша, заң жобасында бірқатар жүйелік сипаттағы жаңалықтар енгізу қарастырылады. Оның ішінде ең бастысы – «Отбасы банкін» екінші деңгейдегі банктер жүйесінен шығарып, оған тұрғын үйге мұқтаждарды есепке алу мен баспананы бөлуді  орталықтандыратын ұлттық даму институты мәртебесін беру туралы ұсыныс. 

«Отбасы банктің» банктік және өзге де операцияларды іске асыратын функцияларын сақтау ұсынылады. Яғни, депозиттерді қабылдау, заңды және жеке тұлғалардың банк шоттарын ашу және жүргізу, кассалық операциялар, банктік қарыз операциялары, салымшыларға тұрғын үй, аралық және алдын ала тұрғын үй қарыздарын беру сияқты өзге де құзыреттер. Сондай-ақ, әкімдіктерде кезекте тұрғандардың дерекқорын Банкке беру және соның базасында тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығын ашу ұсынылады. Ол Орталық «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істеп, барлық санаттағы тұрғын үйге мұқтаж азаматтардан өтінімдер қабылдай алады»,-деп атап өтті ҚР ИИДМ өкілі.

Ұсынылып отырған жобада тұрғын үйді есепке қойған күніне және табыс деңгейіне байланысты бөлу көзделген. Жаңа тәсілге сәйкес соңғы 10 жыл ішінде баспанасы болмаған барлық азамат үйге мұқтаж ретінде кезекке тұра алады.  

Сондай-ақ, тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы ашылса азаматтарға түрлі мекемелерге барудың қажеті болмайды және мемлекеттік қолдау шараларын әділ бөлуге мүмкіндік береді. Бұл ретте әкімдіктерде кезекте тұрғандарды қазіргі жүйемен есепке қоюды тоқтату ұсынылады.

Жаңа заң жобасында, сонымен қатар, көп балалы және толық емес отбасылардың мәртебесі өзгерген жағдайда (балалардың кәмелетке толуына не олардың қайтыс болуына байланысты) олардың кезегін сақтау көзделеді. Мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға баспана бөлу кезінде қосымша бөлме беру қарастырылады.  

Табысы бір ең төменгі күнкөріс деңгейінен жоғары кезекте тұрған азаматтарға үй сатып алуы үшін жеңілдетілген қарыз түрінде мемлекеттік қолдау көрсету ұсынылады. Ал егер табысы қарыз алуға қажетті көрсеткішті қамтамасыз ететіндей жинақ жинауға мүмкіндік бермесе, қосымша балл енгізу ұсынылады.

Ауылдық жерлерде азаматтардың баспана мәселесін шешу үшін жалға берілетін үйлер салу кезінде жұмыс берушілердің шығынын субсидиялау тетігін енгізу қарастырылады. Бұл шара жұмыс берушілерді өз қызметкерлері үшін үй салуға ынталандырады. 

Адам өмірін құтқару барысында, сондай-ақ мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерді орындау кезінде қаза тапқан азаматтарды құрметтеу мақсатында жергілікті атқарушы органдарды қайтыс болған күнінен бастап бір жыл ішінде олардың отбасыларын үймен қамтамасыз етуге міндеттейтін тетік енгізіледі. 

Бұдан басқа, жаңа заң жобасында ҚР ИИДМ азаматтардың барлық санаттары үшін мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспананы ақысыз жекешелендіру құқығын алып тастауды, «Отбасы банкінің» интернет-ресурсында жаңартылған тізімді жариялай отырып, кем дегенде тоқсанына бір рет міндетті түрде түгендеуді ұсынады.

Заң жобасында қарастырылған шаралар мен тетіктер азаматтардың құқықтарын сақтап, мүдделерін қорғауға оң әсер етуі тиіс.