Пятница, 13 декабря, 2024
No menu items!

Робот-техника үйірмелері қаптап тұр

Басқа ақпараттар

Соңғы жылдары елімізде балаларға арналған түрлі үйірмелердің саны көбейіп кетті. Олардың арасында мектеп оқушыларына робот-техникасын үйрететін сабақтар аса танымал. Бүгінгі жастарға бұл саланы мектеп қабырғасынан бастап меңгеру неге маңызды? Ата-ана баласын робот-техника үйірмесіне беру туралы ойлануы керек пе?    

Өткен ғасырда дүниеге келіп, еліміз тәуелсіздік алған тұста есейген балалар бос уақытын далада өткізсе, бүгінгі жағдай мүлдем басқа. Қазіргі оқушылардың күні таңертеңнен кешке дейін жоспарланып қойған. Әрбір ата-ана баласының бос уақытын тиімді пайдаланып, түрлі үйірмеге жібергенді құп көреді. Бұрындары ән-би, спорт секциялары танымал болса, қазір бұл тізімге логика, менталды арифметика, робот-техника, жылдам оқу, шешендік өнер, актерлік шеберлік, журналистика, шет тілдерін және өзге де салаларды меңгеруге арналған түрлі курстар қосылған. Осылардың ішінде робот-техникасына деген қызығушылық жыл сайын артып келеді. Ата-аналарда көбіне таныс емес бұл үйірмеде қатысушылар немен шұғылданады деген сұрақтың пайда болуы заңдылық. Себебі тек соңғы жылдары робот-техникамен айналысатын балалардың саны едәуір көбейіп, республикалық деңгейде мемлекет тарапынан байқаулар жарияланып жүр. Ал үздіктері Google секілді ірі технология компаниялары ұйымдастыратын халықаралық байқауларда топ жарып келеді.

Мамандардың айтуынша, сыныпта робот жасауды үйрену оқушыларға ғылым, технология, инженерия және математика (STEM) сабақтарын одан әрі жақсы түсінуге көмектеседі. Ал болашақ туралы болжамдардың барлығы роботтардың кейбір мамандық иелерін толығымен алмастыра алатынын айтады. Бұл үрдіс қазірдің өзінде басталып кетті. Сондықтан болашақ мамандар бәсекеге қабілетті болуы үшін, еңбек күші болатын роботтардың қалай жұмыс істейтінін түсінуі үшін қазірден бастап робот-техника негіздерімен таныс болғаны абзал.

Елімізде оқушыларға осы саланы үйрете бастаған алғашқы оқу орындарының бірі Назарбаев Зияткерлік мектептері болды. Барлық өңірлерде робот-техника сыныптары оқу бағдарламасына кірмесе де, жоғары сыныптар үшін міндетті сабақ, ал бастауыш сынып оқушыларына үйірме негізінде өтеді. Ұстаздар сыныптарда барлық құрал-жабдықтар мен қажетті құрылғылар жеткілікті екенін айтады. Балалардан тек қызығушылық пен бейімділік талап етіледі. Талдықорған қаласындағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің робот-техника пәнінің мұғалімі Николай Авдюниннің айтуынша, барлық балада бірдей қызығушылық бола бермейді. «Бір сыныпта оқитын оқушылардың жартысы ғана қызығушылық танытуы мүмкін. Ал осы саланың негіздерін үйреніп қана қоймай,  жобалар жасап, жарыстарға қатысатындар саны одан да аз болады. Бұл – қалыпты жағдай. Біздің мектепте робот-техника үйірмесі бірінші сыныптан бастап бар. Жалпы үйірмеге барғысы келетін балаларға 3-сыныптан бастап шұғылдануға кеңес береміз», дейді Н. Авдюнин. Маманның сөзіне сенсек, цифрлық технология  өмірдің барлық салаларына еніп жатыр. Ал болашақ жастарға сол өзгерістерді түсіну өте маңызды. Таңдаған мамандығына қарамастан кез келген қызметкер озық технологиялармен жұмыс істеуге, өздері жасап, еркін қолдана алуға қауқарлы болуы шарт. Сондай-ақ Н. Авдюнин робот жасау арқылы балалардың логикалық ойлау қабілеті мен механизмдер жұмысын түсінуге ықпал ететін инженерлік қабілеттері дамитынын айтады. Бұл қасиеттер болашақта кез келген маман иесін қатарластарынан айшықтап тұратыны сөзсіз.

Робот-техникасымен айналысатын балаларға мемлекет тарапынан да үлкен қолдау көрсетіледі. Болашақта жастар елімізде робот өндірісін қолға алып, Қазақстанды Орталық Азияда цифрлық державаға айналдырады деген сенім бар. Осы мақсатта «ҚазРоботикс» қазақстандық білім беру және спорттық робот-техника федерациясы құрылды. Ұйым жыл сайын өңірлерден үздік жобаларды іріктеп, республикалық жарыс ұйымдастырады. Ал үздік атанғандарға әрі қарай қолдау көрсетіп, халықаралық байқауларға қатысуына немесе инвесторлар табуына қол ұшын береді. Осы салада кәсібилігін арттырып, білікті маман боламын деушілерге елордада тамаша мүмкіндіктер ашылады. Мектеп түлектері биыл алғашқы студенттерін қабылдаған Астана IT университетінде ақпараттық-коммуникациялық технология, киберқауіпсіздік, телекоммуникация мамандықтары бойынша жоғары білім алуларына болады. Ал жобаларды  жас өнертапқыштардың ордасына айналған Astana hub халықаралық IT стартаптар технопаркінің алаңында жүзеге асыруға мүмкіндік бар. Осылайша осы саланы таңдаған балаларымыз қайда қызмет етеді деп алаңдаған ата-аналар болашақтың цифрлық технология еншісінде екенін еске алып, мамандық таңдауда қалыптасқан қағидалардан ада болғаны жөн.

Бүгінде мектеп оқушыларына робот-техникасын үйрететін жекеменшік орталықтардың саны өте көп, төлемақысы да әр түрлі. Кейбір үйірмелердің бағасы қолжетімді болғанымен, кейбіреулері ата-ананың қалтасына салмақ түсіреді. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігіне қарайтын Оқушылар сарайында робот-техника үйірмесін жүргізетін Мармалад Жәнібектің айтуынша, саны көп болғанымен, сапасы сын көтермейтіндері жетерлік. Соңғы трендке ілесіп, ақша табудың қамын ойлайтындары да жоқ емес. Ол бұл саланы дамытудың маңызы зор екеніне сенеді. «Болашақта робот жасауды балаларға жүйелі түрде үйретсек, еліміздегі барлық саланың, соның ішінде, ғылым, медицина, өнеркәсіп өндірістері заманауи талаптарға сай дамиды», дейді Ж. Мармалад. Елордалық жастар үшін Оқушылар сарайында арнайы робот-техника үйірмесі жұмыс істейді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, астаналық жастардың қызығушылығы өте жоғары. Үйірменің жалпы 800-ге жуық қатысушысы бар екен. «Көпбалалы отбасының, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың, мүмкіндігі шектеулі, ата-анасы қайтыс болған немесе қамқорлығынсыз қалған, дарынды балаларды тегін оқытамыз», дейді Оқушылар сарайының ғылыми-техникалық бөлімінің жетекшісі Бағлан Жүкенова. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа жолдауында Оқушылар сарайларының базасында компьютерлерді, лабораторияларды және 3Д-принтерлерді қоса алғанда, барлық қажетті инфрақұрылымдары бар балалар технопарктері мен бизнес-инкубаторларының желісін құру керектігін айтқан еді. Сондай-ақ Елбасы агроөнеркәсіп саласында ақылды технологияларды, жүргізушісі жоқ техника, «Үлкен деректер» (Big data), смарт сити тұжырымдамаларын жүзеге асырудың мыңыздылығы туралы атап өтті. Ауылы алыс секілді көрінгенімен, болашақта мүлдем жаңа мамандықтарға қажеттілік туатыны айқын, роботтар орындаушылық қана емес, интеллектуалдық та қызмет атқаруға қауқарлы болады. Сол себепті ғаламдық өзгерістерге сай қазіргі мектеп оқушыларының қызығушылығы мен мамандық таңдауы біздікінен бөлек болуы заңдылық. Бір өкініштісі, әзірге бұл заманауи технологияға баулитын үйірмелер ауыл балаларына қолжетімсіз болып тұр.

Меруерт БҮРКІТБАЙ

 

Соңғы жарияланымдар

Қайрат Сәтжанов: Екі салмақ бойынша финалдың нәтижесімен келіспейміз❌

Бокстан Қазақстан 🇰🇿құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов команданың Таиландта өткен Азия чемпионатындағы өнеріне қатысты пікір білдірді. «Біз тек екі...

Өзге жазбаларды оқи отырыңыз