Елордада Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың төрағалығымен кеңейтілген аппараттық кеңес өтті. Жиынға министрліктің ведомстволық бағынысты ұйымдарының, өңірлік дене шынықтыру және спорт басқармаларының басшылары мен өкілдері қатысып, 2024 жылды қорытындылады.
Кеңесте өңірлік спорт басқармаларының басшылары мен өкілдері өз облысындағы спорт инфрақұрылымы, дене шынықтыру мен спортты дамыту, сондай-ақ жастарды спортқа баулу мәселелері бойынша есеп берді. Сонымен қатар облыстардағы спорттың жай-күйі, қордаланған мәселелері ашық талқыға салынып, шешу жолдары ұсынылды.
Министр спорттың қоғамдағы маңызы мен дене шынықтырумен айналысудың адам денсаулығы мен өмір сапасына әсерін атап өтті. Сонымен қатар ол спорт саласының дамуында кездесетін кедергілерді шешуге бағытталған нақты шараларды ашық талқылаудың қажеттігін жеткізді.
Жиында спорт инфрақұрылымын дамыту, әсіресе ауылдық жерлердегі спорт алаңдарының санын көбейту, Мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігін қолдана отырып жаңа спорт нысандарын салу мәселелері көтерілді. Бұдан басқа, спорт саласындағы кадрларды даярлау мен олардың біліктілігін арттыру, спортшыларды қолдау шараларын күшейту туралы да ұсыныстар айтылды.
Ербол Мырзабосынов өңірлердегі спорттың жай-күйін жан-жақты талқылап, аймақ спортын дамытуға қатысты нақты қадамдарды айтты. Министр алдағы уақытта спорт саласындағы жетістіктерді арттыру үшін мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру, өңірлік басқармалардың жұмысын үйлестіру және жергілікті деңгейде спорттық іс-шараларды көбейту қажеттігін де атап өтті.