Ақпанның басында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке шетелге заңсыз шығарылған ақшаны қайтару бойынша ұсыныстар әзірлеуді тапсырған болатын.
Қаржы талдаушысы Андрей Чеботарев оның екі жолын айтты: қарапайым және күрделі. Бірінші нұсқа — мемлекет жеңілдік жасап, капиталға рақымшылық жасайды.
«Азамат қателескенін, салық төлемегенін өзі мойындайды, бірақ қазір төлеуге дайын. Оны қудаламайды, келісім бойынша салық төлейді. Бұл тез, оны шынымен жылдам жасауға болады, өйткені ол ешқандай халықаралық шешімдерді қажет етпейді», — деді сарапшы.
Екінші нұсқаға келер болсақ, сарапшының пікірінше, қайтару процесі бірнеше жылдан шексіз уақытқа созылатын халықаралық арбитраж арқылы жүргізіледі.
«Бұл бізге өте ұзақ, қиын және күрделі болады. Өйткені елден ақша шығарудың заңсыздығын шынымен дәлелдей алатын және оны біздің соттарда емес, халықаралық соттарда дәлелдей алатын, барлық шағымнан өтіп, содан кейін ғана ақшаны қайтара алатын өте жақсы заңгерлер қажет», — деді ол.
Фотоколлаж ©Tengrinews.kz
Өз кезегінде DAMU Research Group зерттеу агенттігінің директоры Тимур Айсаутов мұнда экспроприация туралы айтып отырған жоқпыз деп түсіндірді.
«Біріншіден, ең маңызды сұраққа жауап беруіміз керек: қазіргі Президенттің активтерді елге қайтаруға шын мәнінде саяси ерік-жігері бар ма? Бұл өте қиын мәселе. Егер қазіргі үкімет шынымен де активтерді елге қайтаруды көздейтін болса, бұл активтер қай шарттармен және қандай кепілдікпен қайтарылатынына қатысты күрделі қақтығыс, күрес пен келіссөздер болатынын меңзейді. 30 жыл бойы заңсыз байыған капитал иелерінің ешқайсы өз еркімен, тек Президенттің шақыруымен активтерін Қазақстанға қайтармайды», — деп есептейді Айсаутов.
Экономист мемлекет жеңілдік жасаса да, мысалы, қайтарылған капиталға салықтар мен алымдар мүлдем салынбаса да, олар өз еркімен қайтарылмайды деп болжайды.
«Бізге тек сынап қана қоймай, 30 жыл бойы заңсыз байығандарға қарсы қатаң шаралар қабылдау үшін саяси ерік-жігер мен батылдық қажет. Сонда ғана бұл жай сөз бен ұран емес деп айта аламыз. Сондай-ақ, елден шығарылған актив иелерімен келіссөздер кезінде биліктің ақылға қонымды ең маңызды дәлелі: макроэкономика тұрғысынан, активтерге нақты кім иелік ететіні маңызды емес, басқа нәрсе — капитал және ақша тек қана ұлттық экономиканың аясында орналасуы керек, сонда ғана бұл активтер экономикаға, тиісінше, қазақстандықтардың игілігіне жұмыс істейді», — деді ол.
Сурет: elements.envato.com
Tukulov&Kassilgov Litigation заңгерлік фирмасының серіктесі Бақыт Тұқылов шетелдік соттар мен шетелдік сот қатысушыларына қазақстандық заңнама, соның ішінде алаяқтық туралы шағымдар бойынша жиі кеңес беріп жүр.
«Шетелге заңсыз шығарылған қаражатты Қазақстанға қайтару қажет екені туралы айтқанда, олар нақты нені меңзегенін түсіну керек. Шетелге заңсыз шығарылған қаражатқа заңды жолмен табылған, бірақ заңсыз әкетілген ақша (валюта заңнамасының талаптарына қайшы) кіруі мүмкін; заңды жолмен тапқан қаражат, бірақ объектив себептермен қайтарылмаған, бірақ бұл да заңды бұзады (мысалы, шетелге жіберілген, бірақ объектив себептермен қайтарылмаған — шетелдік жеткізушінің банкроттығы); ақырында, заңсыз жолмен алынған және Қазақстаннан шығарылған қаражат (мысалы, алаяқтық) кіреді», — деді ол.
Оның айтуынша, мұндай қаражатты қайтарудың негізгі екі нұсқасы бар: Қазақстанда қылмыстық іс қозғау (егер қылмыс Қазақстан аумағында жасалса), не Қазақстаннан тыс жерлерде қылмыстық/азаматтық іс жүргізуге бастама көтеру, егер қылмыс Қазақстаннан тыс аумақта жасалса, не өзге де себептер бойынша мұндай адамдар шетелдік юрисдикцияларда қудалаған орында.
«Қазіргі Қазақстан тарихында құрылыс салу үшін қазақстандық банктерден несие алып, оны Қазақстаннан алып шығып, өзі Англияға көшіп кеткендер көптеп кездеседі. Бұл жерде қазақстандық қылмыстық іс жүргізу жүйесі көмектеспейді, бұл икемді емес. Бұл жағдайда қаражатты салған тұлғалардың немесе компанияның орналасқан жері бойынша сотқа талап қоюға болады. Мысалы, ағылшын сотының өкілеттігі кең — ол бүкіл әлем бойынша қаулы шығара алады, ол айыпталушыдан дәлелдемелерді жариялауды талап ете алады, ал егер сотталушы одан бас тартса, оған қатысты бас бостандығынан айыру жазасын кесуі мүмкін», — деді Тұқылов.
Сурет: pexels.com
Заңгер шығынды өтеу туралы үкім Қазақстанда шығарылса, экспортталған активтерді іздеу үшін елден тыс аумақтарда да қолдануға болатынын айтты. Ол активтерді қайтару өте ұзақ, қымбат және еңбекті қажет ететін процесс екенін айтты.
«Үкіметтің мұнымен өз бетінше күресуге жеткілікті ресурстары болатынына сенімді емеспін. Халықаралық заң фирмаларына, активтерді іздеу бойынша кеңесшілерге хабарласу керек, шетелдік соттар мен құқық қорғау органдарының көмегіне жүгіну керек. Ақырында, шетелдегі активтерді қайтару мәселесі үкіметтің күн тәртібінде тұрғанына өте қуаныштымын», — деп толықтырды заңгер.
Сурет: pexels.com
Әлемдік тәжірибеге келсек, экономист Тимур Айсаутов тарихта капиталды елге қайтаруға тырысқан жағдайлар болғанын айтты.
«Қытайда 80-90-жылдары билік Қытайға инвестиция құю үшін шетелде тұратын бай этникалық қытайларға жүгінді және олар шынымен де бұл үндеуге жаппай реакция танытты. Бірақ бұл экспортталған және ұрланған активтер емес, этникалық қытайлардың АҚШ, Еуропа, Оңтүстік-Шығыс Азияда тапқан капиталы болды. Израиль де бір кездері өз еліне инвестиция салу үшін бүкіл әлемдегі еврейлерге жүгінді және олар Израильге көп ақша салды. Мен естіген ең радикал жол Иранда болған. Қазақстан Израиль емес, Қытай емес, әрине Иран да емес. Бірақ әр ел өз сценарийін, механизмін мен құралдарын үйренетіні және әзірлейтіні анық. Бірақ, айтып өткенімдей, бәрі саяси ерік-жігер бар-жоғына байланысты. Ал қалғанының бәрі, шын мәнінде, техникалық мәселе», — дейді Айсаутов.
Дереккөз: Tengrinews.kz