Биыл «Әулиеата жастары» өңірлік бағдарламасы аясында аймақтағы жастарға баспана алу үшін жеңілдетілген несие беріле бастайды, деп хабарлайды Жамбыл облысының әкімдігі.

Ведомствоның мәліметінше, жамбылдық жастарға жеңілдікпен несие беру жобасын осы жылдың шілде айынан бастап іске асыру жоспарланып отыр. Жоба өңір жастарын қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін және жас отбасыларды қолдау мақсатында әзірленген.

«Бағдарламаны әзірлеуде облыстың ерекшеліктері ескерілді және Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында оң нәтиже берген пилоттық бағдарламалар негізге алынды. Бұған дейін облыста жастар мен жас отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған арнайы бағдарлама болмаған», – дейді жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа.

Әкімдіктің дерегінше, аталған жоба аясында жастарға берілетін қарыздың ең жоғары сомасы 13 млн теңгеге дейін. Несие беру уақыты – 19 жыл. Пайыздық мөлшерлеме – 5%, бастапқы жарна – 5%.

Бағдарламаға 35 жасқа дейінгі Қазақстан азаматы қатыса алады. Отбасылы болған жағдайда ерлі-зайыптылардың біреуі ғана қатыса алады. Сондай-ақ Серікбол Берікқожа жобаға үй кезегінде тұрған мемлекеттік, бюджеттік қызметкерлер қатыса алмайтынын атап өтті. Оның сөзінше, бұл жерде негізінен басқа ипотекалық бағдарламарда қамтылған санаттарға жатпайтын, бірақ төлем қабілеті бар жастарға басымдық беріліп отыр.