Түрікменстанда Халық Мәслихатының отырысы өтіп, онда Түрікменстан көшбасшысы Гурбангулы Бердымұхамедов сөз сөйледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат Түрікменстанның мемлекеттік агенттігіне сілтеме жасап.
«Сіздер білесіздер, 15 жыл бұрын, 2007 жылы 17 ақпанда елімізде Түрікменстан Президентін сайлау өтті. Ол кезде халқым мені жоғары мемлекеттік лауазымға лайықты көріп, үлкен сенім артты», — деді Түрікменстан көшбасшысы.
Ол өз сөзінде, бұл зор сенімді 2012 және 2017 жылдары өткен бүкілхалықтық сайлауда жақсы сезінгенін жеткізді.
«Енді міне 15 жыл бойы Түрікменстан Президенті лауазымында қызмет етіп келемін. Онымен бірге Түрікменстан министрлер кабинетінің төрағасы, Мемлекеттік қауіпсіздік кеңесінің төрағасы, Түрікменстан Қарулы күштерінің Жоғарғы бас қолбасшысы қызметтерін қоса атқарудамын», — деді мемлекет басшысы.
Түрікменстан басшысы екі жыл бұрын пайғамбар жасына жеткені жайлы және бүгін маңызды шешімді талқылағысы келетініне тоқталды.
«Мен еліміздің қазіргі даму кезеңінде мемлекетті басқаруды рухани ортада және жаңа заман талаптарына сай тәрбиеленген жас басшыларға беру керек деген ойды қолдаймын. Халық Мәслихатының Төрағасы ретінде өзімнің мол өмірлік және саяси тәжірибемді осы салаға бағыттауға ниеттімін», — деді Президент Гурбангулы Бердымұхамедов.