Елордадағы Сарыарқа аудандық сотында бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен оның орынбасары болған Олжас Әбішевке қатысты алдын ала сот отырысы өтіп жатыр.
Айыпталушылардың адвокаттары істі тоқтатып, оны қайтадан Бас прокуратураға жіберуді сұрап отыр. Олардың пікірінше, Қаржы мониторингі агенттігі мен Бас прокуратура тергеу-тексеру кезінде қылмыстық іс жүргізу заңнамасын бұзған.
Естеріңізде болса, қаңтар айында №2 Сарыарқа аудандық сотының судьясы Ибрагим Әлкенов тергеу органдары «көп қателік жіберді» деп мәлімдеп, істі бас прокуратураға қайтарған еді. Адвокаттардың айтуынша, прокуратура қызметкерлері осы қателіктерін түземеген көрінеді.
Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшыларына қатысты қылмыстық істер 2020 жылы қозғалды. Олжас Әбішев 2020 жылы тамызда қамалды. Бұрынғы вице-министрге ақпараттық жүйелер құру үшін бөлінген 500 млн теңгедей қаражатты жымқырды деген айып тағылды. Сол жылы қараша айында Елжан Біртанов ұсталды. Ол «ірі көлемде бюджет қаржысын талан-таражға салды» деген күдікке ілінді.
Кейіннен Біртановқа тағылған айып өзгерді. Оны «жұмыс істемейтін» платформаны қабылдап алды деп айыптап отыр. Тергеуші тараптың айтуынша, хорватиялық Ericsson Nikola Tesla компаниясы әзірлеген ақпараттандыру платформасы жұмыс істемейді. Алайда мұны Ericsson Nikola Tesla жоққа шығарды.
Сондай-ақ Біртановты Таразға министрлер кабинетімен барған сапарынан қайтар кезде санитарлық авиация қолданды деп айыптады. Айта кетерлігі, осы сапар барысында экс-министрдің коронавирус жұқтырғаны анықталған болатын. Біртановтың адвокаттары санитарлық авиацияға қатысты айып мүлдем негізсіз екенін алға тартады.
«Айыптау мүлдем түсініксіз. Іс материалдарына сәйкес, Біртанов Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты індетпен күрес жөніндегі жедел штабты басқарып, Премьер-Министрдің рұқсатымен санитарлық авиация ұшағын пайдаланған. Басқаларға вирус жұқтырмас қауіпсіздік шараларын қабылдап, коронавируспен күрес штабын басқару үшін ауырса да жұмысқа барған. Халық пен басшылығын жерге қаратпау үшін ауруханада жатқанда да жұмысын жалғастыра берді. Ендеше, Біртановтың жеке пайдасы мен жеке мүддесін тергеушілер қайдан көріп отыр?
2020 жылы санитарлық авиация жалпы сомасы 7,3 миллиард теңгені құрайтын 3833 рейс орындаған. Науқастар қатарында лауазымды тұлғалар да бар. Ендеше, прокурорлар мен тергеушілер неліктен Біртановтың рейсіне шүйлігіп отыр?» деді адвокат Дмитрий Куряченко.
Адвокаттың айтуынша, тергеушілер 2020 жылы тамызда елде коронавирус өршіп тұрғанда платформаның жұмысын тоқтатып тастаған. Соның салдарынан халық дәрі-дәрмек таппай сенделіп кетті. Ақырында бұған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев араласып, платформаның жұмысына кедергі келтірмеуді тапсырды.
Куряченконың сөзіне сүйенсек, Біртановты сыбайлас жемқорлық жасады деп айыптайды. Оның пікірінше, бұл жалған айып экс-министрдің денсаулық сақтау жүйесіндегі сыбайлас жемқорлықпен күресуіне кедергі келтіру үшін тағылған.
«Біртанов 2017 жылдың 25 қаңтарынан бастап Денсаулық сақтау министрі қызметіне кірісті. Екі жылдан кейін, дәлірек айтсақ, 2019 жылдың 7 ақпанында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшысы Шпекбаев бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында «Кейінгі екі жылда (2017-2018) денсаулық сақтау саласында жемқорлық 4 есе азайды…
Мойындау керек, министрліктің бірінші басшы бұл бағытта үлкен жұмыс атқарып жатыр», деп мәлімдеді. Демек, мұны біреу мойындағысы келмегені анық! Айтылған мерзімде министрліктің бірінші басшысы Біртанов болғаны белгілі.
Яғни, денсаулық сақтау жүйесінде 2018 және 2019 жылдары сыбайлас жемқорлықты азайтып, тек дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бағытында 60 миллиард теңгеден астам қаражатты үнемдеуге мүмкіндік туды. Ал 2017-2019 жылдары шамамен 90 млрд теңге үнемделді», деді Дмитрий Куряченко.
Тағы бір адвокат Нұрлан Бейсекеев Бас прокуратура қызметкерлері тергеу барысында жіберген өрескел қателіктерін түземегеніне назар аударды. Оның сөзіне сүйенсек, тергеушілер істі зерделеу кезінде өте көп заң бұзушылыққа жол берген. Қорғаушылар осында 70-ке жуық заң бұзушылықты жіпке тізіп, Бас прокуратураға жіберген. Алайда шағым шағымды қарауға ешкім ынта білдірмеген көрінеді.