Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Исатай ауданына жұмыс сапары аясында Аққыстау ауылының тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Өңір басшысы ауданда атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспарларды айтты.
Жиналғандар ауылдағы өзекті мәселелерді көтерді. Оның ішінде дене шынықтыру кешенін жөндеу, ауылішілік жолдар салу, ауыз су мәселесі, Жасқайрат елді мекеніне газ тарту және т.б. мәселелер бар.
Аймақ басшысы Аққыстау ауылының тұрғындарының мәселесіне қанықты. Ұсыныстарды тыңдап, жергілікті халықтың сұрақтарына жауап берді.
— «Ауыл – алтын бесігіміз» дейміз. Бар адами құндылықтың алтын тамыры, тәрбиенің тал бесігі – ауылға, ең бірінші кезекте аялы алақан қажет. Ауылдың тұтқасы – жас буынның қолында. Өйткені олар – ел ертеңі, кемел кешелектің кепілі. Ал оларды ауылға тарту үшін жағдай жасау керек. Бүгінде осы мақсатта мемлекет жастарға біраз қамқорлық көрсетіп отыр,- деді Серік Шәпкенов.
Кездесуден соң аймақ басшысы айтылған мәселелер бойынша жауапты тұлғаларға тапсырма беріп, ауыл тұрғындарын жеке қабылдады.
Айта кейік, Исатай ауданының орталығы Аққыстау ауылдық округінде 10 мыңнан астам халық тұрады. Округ бойынша 4 мектеп, 5 балабақша, саз және спорт мектептері, 2 мәдениет үйі, 5 кітапхана, емхана, 2 спорт кешені және т.б. басқа әлеуметтік нысандар бар.