Шымкентте Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты тергеу аяқталды

Басқа ақпараттар

Шымкент қаласында 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу әрекеттері ресми түрде аяқталды. Бұл туралы жәбірленуші тараптың адвокаты Аянхан Омаров мәлімдеді, деп хабарлайды Jas.kz Курсив сайтына сілтеме жасап.

Қорғаушының айтуынша, жәбірленуші тарап жиналған дәлелдемелермен танысу рәсімін бастап кеткен. Қазіргі уақытта адвокат пен марқұмның туыстары қылмыстық істің алғашқы жеті томын қарап шығып, олардың ресми көшірмелерін алған.

Іс материалдарымен танысу рәсімі барлық қатысушылар тарапынан толық аяқталғаннан кейін құжаттар айыптау актісін бекіту үшін прокуратураға жолданады. Одан кейін іс сот қарауына беріледі.

Еске салайық, қайғылы оқиға 2026 жылғы 11 қаңтарда Шымкент қаласында болған. Тергеу нұсқасына сәйкес, 21 жастағы Нұрай Серікбайға танысы бірнеше рет пышақ жарақатын салып, оқиға орнынан бой тасалаған.

Күдікті екі күннен кейін полиция қызметкерлері тарапынан анықталып, ұсталған. Тергеу кезеңінде оған қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалып, қазіргі уақытта Шымкент қаласындағы ҚАЖК №69 тергеу изоляторында отыр.

Тергеу қорытындысы бойынша күдіктінің әрекеттері Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің бірнеше бабы бойынша сараланған. Атап айтқанда, оған жәбірленушіні жүйелі түрде қудалау, некеге тұруға мәжбүрлеу және аса қатыгездікпен адам өлтіру бойынша айып тағылған.

Айыптар ҚР ҚК-нің 115-1-бабы («Сталкинг»), 125-1-бабы («Некеге тұруға мәжбүрлеу») және 99-бабы 2-бөлігінің 5-тармағы («Аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру») бойынша ұсынылған.

Заңнамаға сәйкес, аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру бабы бойынша өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Соңғы жарияланымдар

Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені 16,75%-ға дейін төмендетті

Қазақстан Ұлттық Банкі Ақша-кредит саясаты комитетінің шешімімен базалық мөлшерлеме 25 базистік тармаққа төмендетіліп, 16,75% деңгейінде белгіленді. Бұл туралы Ұлттық...

Өзге жазбаларды оқи отырыңыз