Четверг, 31 октября, 2024
No menu items!

«Мен өмірімде қанша ән жазсам, сонша жылаған болуым керек…»

Басқа ақпараттар

Біз Шәмші Қалдаяқовты қазақ вальсінің королі, әнұранымыздың авторы, бірнеше сұлу әндерді өмірге әкеліп, ел сүйіктісіне айналған сұңғыла сазгер ретінде танимыз. Оның әсерлі де, ойнақы әндерін бірінен-біріне жалғап айтуға бармыз.

«Арыстың жағасында», «Кешікпей келем», — деп кеткен  құрбымызды күтіп, «Қайықта» отырып, «Бақыт құшағында» тербелдік. «Отырардағы тойға» барған жігіттер «Сығанның серенадасын» тыңдап, «Дүнген қызына» тамсанса да , «Сыр сұлуына» келіп, «Әнім сен едің», — десті. «Ақ бантик» таққан шағымыздан бастап зырлап ағып бара жатқан «Өмірдің өзенінде» Шәмші әні бізбен бірге жасап келеді. Бірақ бұл – біз білетін композитор Шәмші. Ал, жігіт Шәмші, перзент Шәмші қандай болды? Ол неге сүйінді, неден күйінді? Бұл жағы бізге беймәлім. Атақты сазгер жайында естеліктер айтылды, фильм де түсірілді.

Алайда сол театр бізге Шәмші жігіттің қайнап жатқан қанын, перзент Шәмшінің анасын шарқ ұрып іздеген шағын, оның сол кезгі қоғамға деген наласын, көрген қуанышы мен шеккен азабын жанды бейнеде көрсетіп, әнсүйер, өнерсүйер қауымға ән-Шәмшіні қайта тірілтіп берді. Ол – Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры еді. Ақын Серік Тұрғынбекұлы жазған бұл спектакльге театр ұжымы алты ай бойы дайындалды. Ал бас кейіпкердің рөлі талантты актер Нұркен Өтеуловке берілді.

Нәтиже жаман болған жоқ. Желтоқсан айының 1, 2, 3 күндері қатарынан «Шәмші» спекталінің премьерасы болды. Билеттер тез сатылып, сазгерін сағынған жұрт театрға қарай ағылды. Жарық сөнген кезде көрермен демін ішке тартып, сахнаға үнсіз көз тікті. Әуелі ақ қанат қауырсын болып өмірге ән келді. Сонан соң Шәмші келді. Ол халқымен қайта табысты. Олармен бірге қуанды, олармен бірге жылады.

Ал Шәмшінің жанында сиқырлы үнді скрипка ұстаған Муза-қыз жүрді. Ән-Шәмші композитор болып емес, халықтың баласы болып оған шынын айтты, мұңын айтты. Ал сахна мен көрерменнің арасында ешкімге көрінбейтін нәзік қана толқын жүріп жатқан еді. Бір уақытта Шәмші: «Мен өмірімде қанша ән жазсам, сонша жылаған болуым керек…», — деді. Иә, ол солай халқына бар сырын ақтара салды. Ары қарай спектакльге жан бітіп сала берді. Одан кейін «Сыған серенадасына» толқымаған жүрек, «Ана туралы жырға» жыламаған жан қалмады. Кенет актер мен көрермен бірігіп кетті. Шәмші шерін ақтарды, әнін салды, көрерменіне жанын салды.

«Жақсы болу да, жаман болу да өзіңе байланысты екенін түсіндім. Өзімді періштедей пәкпін деп айтпаймын. Кемшілігім бір басыма жетіп артылады. Дегенмен өзімнің өмірлік ұстанымым болды. Сырт көзге жақсы боп көріну үшін өтірік өмір сүрудің қажеті не?!

Жазылар естеліктер мен туралы,

Біреулер жан еді дер өр тұлғалы.

Біреулер тұлпар еді дер де мүмкін,

Бүтінделмей кеткен бір ер-тұрманы.

Жазылар естеліктер нешелеген,

Көрерміз онын, бәрін пешенеден.

Әйтеуір, білетінім бір-ақ нәрсе —

Көшеді өлең немесе өшеді өлең!»

Ол тағы: «… Мен жалғыз емеспін, көкірегі ояу xалқыммен біргемін! Тек қана өнер, таза саф өнерді сол көкірегі ояу xалқыма бердім…», — деді. Содан кейін Шәмші кетті. Ал ақ қанат қауырсынды ән қалықтап қалып қойды. Халық оны сағынған екен. Жарық жанған кезде ғана бойын тіктеген көрермен көзде тұнған жасты сүртіп, ду қол шапалағын соғып жатты. Театрдың асқақ құдіреті Шәмшіні тірілтіп, халқымен осылайша қайта қауыштырған еді. Ән мәңгі жасайды. Ал ән бар кезде Шәмші де мәңгілік!

Әсем ҚҰЛМАНОВА

- Advertisement -spot_img
- Advertisement -spot_img
Соңғы жарияланымдар

2024 жылғы 7-13 қазан күндері өтетін жарыстар аңдатпасы

Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі ин ұсынды. 🔹 7-13 қазан – Үстел теннисінен XXVII Азия чемпионаты Астанада алғаш рет үстел теннисінен...
- Advertisement -spot_img

Өзге жазбаларды оқи отырыңыз

- Advertisement -spot_img