Аслан Қамысбай талантты қырғыз әншісін отандық эстрадаға әкелді

2429

Отандық продюсер Аслан Қамысбай қанатының астына тағы бір өнерпазды алды. Талай дарынның жолын ашуды мақсат еткен шоу-бизнес өкілі бұл жолы қырғыз баласының жұлдызын жақпақшы.

Бұл туралы продюсердің өзі instagram-дағы ресми парақшасында мәлімдеді.

«Аспаннан жаңа бір жұлдыз жарқырағандай, эстрада әлеміне тағы бір талантты жас әнші қосылды. Қырғыздың тұлғалы ұлы Наарын Сүйүнтбеков. Алла қаласа әдемі ән мен сапалы бейнебаяндарды тарту етеміз. Тек алға, Алла күш қуат беріп, көк аспанның қыраны бол, мен әрқашан сені қолдап, жаныңнан табыламын! Жаңа жоба құтты болсын», -деп жазды Аслан Қамысбай өз постында.

Ал ғаламтор арқылы есімі елге мәлім болған қырғыз әншісі қазақ продюсерінің ұсынысын қуана қабыл алғанын жеткізді.

«Қазақстанға продюсер Аслан Қамысбайдың шақыртуымен Қырғыз Республикасынан келдім. Бір туған қазақ-қырғыз халқына жақсы әндер тарту еткім келеді», – дейді Наарын Сүйүнтбеков.

Жас әнші алғашқы бейнебаянын продюсердің көзіне түсуге себеп болған әніне түсіруді жөн көрген.

«Бұл менің бірінші клипім. Ән қазақ және қырғыз тілінде орындалады. Арузатым есімді қызға ғашық болған ақынның жыры. Тырнақалды туындымның сюжеті махаббат пен құмар ойындарының шырмауында қалған жігіттің оқиғасын баяндайды», – деп мәлім етті Наарын.

Ән әлеміне қадам басқан қырғыз баласы мұнымен тоқтап қалмай, тағы төрт бейнебаян түсіруді жоспарлап отыр.