Басты бет Мақала Керек кеңес Мазасыздық пен күйзелістен қалай құтылуға болады – дәрігер кеңесі

Мазасыздық пен күйзелістен қалай құтылуға болады – дәрігер кеңесі

485

Соңғы уақытта көптеген адам стрессті жағдайды бастан кешіп, алаңдаушылық күйге түсіп жүр. №15 қалалық емхананың СӨС дәрігері Гюзель Егінбай мазасыздық пен дүрбелең шабуыл күйінен қалай құтылуға болатынын айтты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

– Қазақстандықтардың көбі мазасыздық пен күйзеліске жиі түсіп жүргенін айтып шағымданады. Онымен қалай күресуге болады?

– Шынында да, көптеген азамат стресс пен қысқа уақытты алаңдаушылық жағдайын ғана емес, сонымен қатар дүрбелең шабуылына да жиі түсіп жүр. Дүрбелең шабуылдары аяқастынан пайда болады, көбінесе мазасыздық сезімі қатар жүреді. Сол сияқты жүрек соғысы, тұншығу сезімі, кеуденің ауырсынуы, бас айналуы, жүрек айнуы мүмкін. Қорқыныш сезімі де тез пайда болады. Бұл аяқастынан өліп кетуден, сол сияқты ақылын жоғалтып қоюдан немесе өзіне өзі ие болмау қорқынышы болуы мүмкін.

Адам дүрбелең шабуылының немесе тіпті қарапайым мазасыздықтың, стресстің пайда болғанын білген бойда көңілін басқа жаққа бұруы керек. Осындай күйге түскен болсаңыз мынадай жолдармен дем алыңыз: төрт рет тыныс алыңыз, ары қарай төрт рет тыныс алатындай уақыт деміңізді ұстаңыз. Сондай-ақ, көңілді жағдайды көбірек ойлаңыз, сүйікті музыкаңызды тыңдап, кітап оқыңыз. Медитация жасауыңызға да болады.

– Қандай мамандарға жүгінуге болады?

– Сіз ең бірінші психологтарға немесе психотерапевтерге жүгінгеніңіз жөн. Мысалы, біздің емханамызға тіркелген тұрғындар психологтардың көмегіне ылғи да жүгіне алады.

– Мамандар өз өзіңізге массаж жасауды кеңес етеді. Ол шынымен көмектесе ме?

– Иә, психологтардың көбі құлақтың түбін уқалауды, сол сияқты алақанды қатты қысып, қайта ашуды кеңес етеді. Бұл бұлшықеттің жұмыс істеуіне және денеңізді «сезінуге» көмектеседі. Бұдан бөлек, қатты кәмпитті соруыңызға да болады. Дендеріңіз сау болсын!