Әлеуметтік желілерде бала күтіміне байланысты төлемдердің кешігуі туралы аналардың өтініштері тарауына байланысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды Jas.kz.
Министрлік мәліметінше, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры (МӘСҚ) тарапынан қаржыландыру жүйесінде ешқандай іркіліс тіркелмеген. Төлемдердің уақытында түспеуі банктік операциялардың демалыс күндеріне сәйкес келуіне байланысты болған.
«Мәселен, жұма күні бағытталған қаражат дүйсенбі күні Мемлекеттік корпорацияның шоттарына түсті. Бүгіннен бастап қаражат алушылардың банк карталарына кезең-кезеңімен аударылып жатыр», — делінген хабарламада.
Ведомство барлық әлеуметтік төлемдер толық көлемде орындалғанын атап өтті. Қазіргі уақытта берешек жоқ, ал қаражаттың түсу процесі бақылауда.
Министрлік өкілдері жақын арада барлық алушыларға төлемдер толық жеткізілетінін жеткізді.
