Өмір жолын енді бастаған жастардың баспанамен қамтылуына қолайлы жағдай жасау – жарқын болашаққа бастай­тын қадам. Бұл ретте «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығына жиналған сарапшылар жастардың үйлі болуына мүмкіндік беретін түрлі ұсыныстарды талқылады.

Бүгінгі таңда жастардың өз үйіне қол жеткізуіне мүмкіндік беретін тиімді жолдардың ішінде жалға берілетін баспана жиі аталады. Белгілі бір мерзімге дейін әжептәуір төмендетілген жалдау ақысымен берілетін мұндай бас­паналар жастардың басыбайлы үй алуына қаржы жинауға көмек­теседі. Алайда бұл тетіктің де кемшін тұстары баршылық. Мұ­ны аталған іс-шарада алдымен сөз алған Президент жанындағы Әлеу­меттік-экономикалық рефор­ма­­ларды сараптау және мони­то­ринг орталығы са­рап­­шы­лық тобының кеңесшісі Әділ Құс­манов жан-жақты айтып берді.

– Біз жалдамалы баспана берудің қолданыстағы ережесіне бірқатар сараптама жүргіздік. Қазір жастарға жалдамалы пә­тер­лер беріліп келеді. Онда қар­­сы міндеттемелер тетігін ен­гізу көзделмеген. Мәселен, баспа­на 3,5 жылға жалға беріледі. Жастар оған азын-аулақ ақша төлеп тұрады. Уақыты келгенде баспананы қайтарып береді. Бұл бір жағынан жақсы, екінші жағынан адамдарды қаржы жинауға ынталандыра алмайды. Сондықтан Жастар «Отбасы банкі» немесе басқа екінші деңгейлі банктер арқылы қаржы жинауға ынталы болатындай міндеттемелер тетігін енгізуіміз қажет. Жалға алу мерзімі аяқталған кезде ол бас­пананы несиеге алуға бастапқы қаржы жинай алуы тиіс. Бұл бір жағынан табысы біршама жоғары адамдарға қатысты. Ал жалақысы төмен азаматтарға басқа тетік қарастырған жөн. Жа­тақ­хана беру мәселесін де қарас­тырған дұрыс болар. Онда да жатақхана уақытша және тұ­рақты тұруға берілуі керек. Мұн­дай жатақханаларда тұратын адамдар баспананы несие арқылы сатып алуға қажетті алғашқы жарна жинағанға дейін тұру қажет, – деді Ә.Құсманов.

Сонымен қатар сарапшы қазір­гі уақытта кез келген жас жалақы­сының қанша болғанына қара­мастан баспананы жалға алатынын айтты.

– Мәселен, менің миллион теңге табыс табатын досым бар және ол жалдамалы пәтер алды. Меніңше, бұл – әділ емес. Оған қарағанда баспанаға мұқ­таж жандар бар әрі олар пәтер­ге қол жеткізе алмай отыр. Өйткені еш­қандай шектеу жоқ. Сон­дық­тан жастарға жалға берілетін пәтер ұсынған кезде олардың айлықтарын да ескерген жөн. Ипотекаға қаражат жинай алмай жүргендерге арналған жаңа тетіктер енгізу қажет, – деді ол.

Жиын барысында «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Әзиз Ысқақов та тал­қыланған мәселеге қатысты өз­дерінің зерттеулерінен мәлі­мет келтірді. Оның айтуынша, жас­тардың бойына нақты қар­жылық тәртіпті сіңіруге мүмкіндік беретін міндеттемелер тетігі қажет. Бұл оларға пәтер сатып алуды нақты әрі жүйелі түрде жос­­парлауға, өздерінің адами ка­пи­т­алын дамытуға мүмкіндік береді.

– Қаңтар оқиғасына дейін жүргізілген зерттеулерге сәйкес, жас­тардың басым бөлігі бас­пана жағдайын жақсартуға үміт артқан. Өкінішке қарай, жоға­ры оқу орындары қанша жатақ­хана қажет деген сараптама жүр­гізбейді. Онсыз жатақхана салу жайлы болжам жасай алмайсыз. Меніңше, бұл бағытта осы қыз­метті бәсекелестік ортаға шы­ға­ру­­дың айтарлықтай әлеуеті бар, – деді Ә.Ысқақов.

Осы ретте іс-шараға ZOOM ар­қылы жиынға қатысқан «От­басы банкінің» өкілі қаржы инс­титуты тарапынан жастарды баспанамен қамту мәселесі жіті талқыға түспегенін айтады.

– Қазір Мәжіліс қарауында тұр­ғын үй саясатындағы бір­қатар реформа туралы заң жобасы жатыр. Біз бұл тұрғыдағы идео­ло­гия­ны өзгертіп жатырмыз. Бас­­­пананың қолжетімділігіне қатыс­т­ы қандай да бір баспалдақ бола­­ды әрі барлық ұстаным отба­сы­­ның кірісі төңірегінде қалып­­тас­­тырылады. Егер ол шектен төмен болса, онда «Отба­сы банкі» олар­ды басым тәртіп­пен қа­рай­ды және бұл санат жеңіл­дік­пен несие алуға үміткер саналады. Жас­­тар санатында да осындай мүм­­кін­діктер қарастыруға бола­ды. Біздің банк негізінен әлеу­мет­­тік осал топқа, нақты бір са­­­нат­­­­­пен кезекке тұратын адам­дар­­­ға жеңілдікпен несие беру­ге ба­­сым­­дық жасайды. Бұл рет­тегі бас­­­ты мәселе – аталған санат қан­­дай қаражат есебінен несие ала­­тын­­ды­ғында. Өйткені кез кел­ген жеңіл­дікті займ респуб­ли­ка­лық және жергілікті бюджетке арқа сүйейді, – деді банк өкілі.

Дереккөз: Egemen Qazaqstan