Алматыда Kizdar.net сайты жабылып, 2 млрд теңгеден астам заңсыз табыс тәркіленді

Басқа ақпараттар

Алматы қаласында құқық қорғау органдары Kizdar.net сайтын ұйымдастырды деген күдікке ілінген топқа қатысты тергеу жүргізіп жатыр. Тергеу мәліметінше, қылмыстық топ шамамен 15 жыл бойы платформаны ақылы интимдік қызметтерді ұйымдастыру үшін пайдаланған, деп хабарлайды Jas.kz Курсив сайтының телеграм каналына сілтеме жасап.

Тергеу нұсқасына сәйкес, сайтты құрушылар осы уақыт ішінде 2 миллиард теңгеден астам заңсыз табыс тапқан. Күдіктілер ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынды.

Қылмыстық іс адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жезөкшелікпен айналысуға арналған орындарды ұйымдастыру немесе ұстау және жеңгетайлық жасау фактісі бойынша тергеліп жатыр.

Тергеу деректеріне сүйенсек, Kizdar.net сайты Қазақстан аумағында 2011 жылдан бері жұмыс істеген. Платформада интимдік қызмет көрсететін адамдардың жарнамалық хабарландырулары мен анкеталары тұрақты түрде жарияланып отырған. Ал ұйымдастырушылар жарнама орналастырудан және анкеталарды ақылы түрде ілгерілетуден пайда көрген.

Сонымен қатар Алматы қалалық полиция департаменті күдіктілерге тиесілі болуы мүмкін қомақты мүліктер анықталғанын хабарлады. Алдын ала мәлімет бойынша, ұйымдастырушылардың атына шағын және орта бизнес саласында жұмыс істейтін сегіз компания тіркелген.

Сондай-ақ олардың иелігінен:

  • 5 пәтер;
  • 6 коммерциялық нысан;
  • 6 коттедж;
  • 10 жер телімі;
  • 6 автотұрақ орны;
  • 11 премиум санаттағы автокөлік анықталған.

Тергеу барысында бұл активтердің сатылып кетуіне немесе үшінші тұлғалардың атына қайта рәсімделуіне жол бермеу үшін күдіктілер мен оларға қатысы бар компаниялардың мүлкіне қатысты барлық мәмілелер уақытша тоқтатылды.

Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары аталған мүліктің қылмыстық жолмен алынған-алынбағанын және заңсыз табысты заңдастыру мақсатында бизнес арқылы рәсімделуі мүмкіндігін тексеріп жатыр.

Соңғы жарияланымдар

Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені 16,75%-ға дейін төмендетті

Қазақстан Ұлттық Банкі Ақша-кредит саясаты комитетінің шешімімен базалық мөлшерлеме 25 базистік тармаққа төмендетіліп, 16,75% деңгейінде белгіленді. Бұл туралы Ұлттық...

Өзге жазбаларды оқи отырыңыз