Алматы қаласында блогер әрі заңгер Әділетхан Молдаханға қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Кезекті сот отырысында прокурор оған тағылған айыптарды жариялап, айыптау актісін оқыды, деп хабарлайды Jas.kz Ztb.kz телеграм каналына сілтеме жасап.
Тергеу нұсқасына сәйкес, Әл-Фараби даңғылында болған адам өлімімен аяқталған жол-көлік оқиғасынан кейін блогер әлеуметтік желілерде бірнеше бейнеролик жариялаған. Онда ол жоғары лауазымды полиция қызметкерлері ықпалды кәсіпкерлердің балаларына қамқорлық көрсетеді деген мәлімдемелер жасаған. Алайда тергеу мұндай айыптаулардың ешқандай дәлелмен расталмағанын атап өтті.
Іс бойынша жәбірленушілер ретінде Алматы қалалық полиция департаменті бастығының бұрынғы орынбасары Ержан Өзабаев пен әкімшілік полиция басқармасының экс-басшысы Серік Шұмаев танылған.
Қылмыстық істен бөлек, блогерге азаматтық талап-арыздар да берілген. Әрбір жәбірленуші моральдық шығын ретінде 10 миллион теңге және сот шығындарын өтеу үшін 1 миллион теңге өндіруді талап етіп отыр.
Бұған дейін Әділетхан Молдахан өз кінәсін толық мойындап, істі қысқартылған тәртіппен қарауды сұраған болатын. Алайда прокуратура бұл өтінішке қарсы шығып, сот процесі жалпы тәртіп бойынша жалғасатын болды.
Еске салайық, блогер биыл наурыз айында Әл-Фараби даңғылындағы резонанс тудырған жол апатына қатысты жарияланымдарынан кейін ұсталған еді.
