Алматыда азық-түлік тапшылығы бар ма?

127

Алматы қаласының Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин Алматының тыныс-тіршілігін қалпына келтіру жөніндегі қалалық штаб отырысы барысында мегаполисті азық-түлікпен қамтамасыз ету туралы баяндады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Бүгінде Алматының барлық азық-түлік кәсіпорнының қызметі қалпына келтірілді, өнімдерді жеткізу барлық ірі және орта супермаркеттерге, «үй жанындағы» дүкендерге, сондай-ақ базарларға штаттық режимде жүргізілуде. Қалада 144 ірі және орта супермаркет, 3,5 мыңнан астам «үй жанында» дүкені, 26 азық-түлік базары жұмыс істейді. Жалпы, қалада қалалық және өңірлік өндірушілерден азық-түлік өнімдерін жеткізу және сату жолға қойылған, бірінші кезекте қажетті өнім тапшылығы байқалмайды», – деп хабарлады спикер.

Әлеуметтік нан қажеттілігін қаланың нан пісіру кәсіпорындары – «Ақсай нан» НТК» ЖШС, «Баширов» ЖК, «Рузи Нан» ЖШС, «Алматынан ХБК» ЖШС және «ДариНан» ЖШС толық қамтамасыз етеді.

Сүт өнімдерінің жалпы қалалық қажеттілігінің 20,5%-ын «Агропродукт» компаниялар тобы мен «Маслодел» ЖШС жабады. Қалған 79,5%-ын Алматы облысының өндірушілері жеткізеді.

Қаланың күнбағыс майына деген қажеттілігінің жартысын жергілікті май зауыттары – «Евразиан Фудс Корпорэйшн» АҚ, «Масло-Дел» ЖШС және «ЭФКО Алматы» ЖШС қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, ШҚО, сондай-ақ Ресей өндірушілерінің өнімдері бар (5%).

Көкөністер Алматыға Павлодар, Алматы, Жамбыл және Қарағанды облыстарынан жеткізіледі.

Қаланы ет өнімдерімен және жұмыртқалармен Алматы, Түркістан, Жамбыл облыстарының кәсіпорындары қамтамасыз етеді.

Бакалея өнімдерін (ұн, жарма, қант, тұз және т.б.) негізгі жеткізу Қостанай, Алматы, Жамбыл, Ақмола, Павлодар, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарынан жүргізіледі.